— Сотталған адамды қоғамнан оқшауламай, қылмыстық жазаларды орындауға, жаңа қылмыстық құқық бұзушылықтың алдын алуға, сотталғандарды түзеуге және қайта әлеуметтендіруге бағытталған, — деді маман.
Оның сөзінше, сотталған азамат абақтыға қамалмай, пробациялық бақылауға алынғанымен, бұл сот тағайындаған жазаны орындаудан босатпайды.
Нақтырақ айтқанда, сотталған кісі түрмеде отырмайды. Өз үйінде тұрады және жұмыс істеп, күн көруге де құқылы. Бірақ әрдайым пробациялық қызметтің қадағалауында болады. Сонымен қатар, заңда белгіленген талаптарды орындауға міндеттеледі. Демек, қылмыс жасап, істі болған жан осындай жолмен түзелуге мүмкіндік алады. Ал пробациялық қызмет өкілдері оны көзден таса қылмай, қайтадан заң бұзушылыққа бармауына ықпал етеді.
Сотталған адамның міндеттері мен шектеулері
Сот о баста үкім шығарғанда, жаза мерзімінде не істеуге болатынын және не істеуге болмайтынын бірден түсіндіреді. Сотталған кісі пробациялық бақылауға тіркелген соң, жауапты қызметкерлер қағидаларды үнемі еске салып отырады және олардың сақталуын қадағалайды.
— Сот белгілеген міндеттер мен шектеулерді сақтауға ерекше назар аудару қажет, — деді Астана қаласы прокуратурасы үкімдердің орындалуын қадағалау тобының прокуроры.
Мәселен, сот үкімі бойынша, сотталған кісіге белгіленген уақыттан соң (мысалы, 22:00–ден кейін), тұрғылықты жерінен кетпеу талап етілуі мүмкін. Ондай жағдайда азамат сағат түнгі оннан асса, үйінен шықпауы тиіс.
Сонымен қатар, мынадай шектеулер қойылады:
- егер сот тыйым салса, ойын-сауық мекемелеріне және өзге де орындарға бармауы керек;
- пробация қызметіне арнайы тәртіппен хабарламай, тұрғылықты жерін өз бетінше өзгертуге, сондай-ақ, белгіленген аумақтан тыс жерге шығуға болмайды;
- сотталған адам пробация қызметіне шақыру бойынша уақытылы келуге, сот жүктеген міндеттерді орындауға, пробация қызметі өкілдерінің заңды талаптарын атқаруға және жаңа құқық бұзушылықтар жасамауға міндетті.
— Егер қандай да бір жағдай орын алып, талапты орындауға немесе пробация қызметіне келуге кедергі келтірсе, онда дереу мамандарға хабарлау керек. Қажет болған жағдайда сотталған кісі аталған жағдайдың шын мәнінде болғанын құжаттармен растауы тиіс, — деді Бейбіт Абдіқадыр.
Міндеттерді орындамаудың салдары
Өмірде, расында да, әртүрлі жағдай болуы мүмкін. Сол себепті, пробациялық бақылау талаптарын бірер рет орындамау бірден түрмеге түсірмейді. Егер сотталған жан шектеулерді бұзса, жауапты қызметкерлер алдымен бірнеше рет ескерту жасайды. Тиісті қағидаларды қайта-қайта орындамай, тәртіпті өрескел бұзса, онда пробация қызметі сотқа жүгінеді. Бас бостандығын шектеудің өтелмеген бөлігін бас бостандығынан айыруға ауыстыру туралы шешімді сот қабылдайды.
Бейбіт Абдіқадырдың мәлімдеуінше, сотталған азаматтың бас бостандығын шектеу уақытының аяқталуына 2-3 күн қалғанда, талаптарды орындамағаны үшін түрмеге жіберілген фактілер болған. Демек, мерзімі аз қалса да, пробациялық бақылаудағы адам босаңсымай, ережелерді бұзбауы тиіс.
— Бұл мысал жазаның қалған мерзімінің аз болуы сотталған адамды белгіленген талаптарды сақтаудан босатпайтынын және белгіленген шектеулерді елемеуге негіз болмайтынын көрсетеді, — деп қадап айтты маман.
Сонымен бірге, биыл жыл басынан бері елорда соттарында жазаның өтелмеген бөлігін ауыстыру туралы 387 материал қаралған. Оның ішінде 198 істе бас бостандығын шектеу жазасы бас бостандығынан айыруға өзгертілген.
Профилактикалық жұмыс қалай атқарылады
Пробациялық бақылау жөнінде сөз қозғағанда, тағы бір айта кететін жайт — алдын алу шаралары. Қала прокуратурасының бастамасымен аудандар прокуратурасы, пробация қызметі, полиция қызметкерлері және әкімдік мамандарынан мобильді топ құрылды. Оның негізгі міндеті — сотталғандардың құқық бұзушылықтарға баруына жол бермеу. Бұл мақсатта топ мүшелері:
- пробациялық бақылаудағы азаматтардың тиісті уақытта тұрғылықты жерінде болуын тексереді;
- қажет болса, әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетеді;
- қиын жағдайдағы адамдарды азық-түлік себеттерімен қамтамасыз етуді ұйымдастырады.
Сөзінің түйінінде Астана қаласы прокуратурасы үкімдердің орындалуын қадағалау тобының прокуроры Бейбіт Абдіқадыр сотталған жандарды шектеулерді сақтауға және тәртіп бұзбауға шақырды.
— Пробация қызметіне келмеу, тұрғылықты жерін өз бетінше өзгерту, үйде болу уақытын бұзу, тыйым салынған жерлерге бару, жүктелген міндеттерді орындамау және басқа да бұзушылықтар заңда белгіленген ықпал ету шараларын қолдануға әкеп соғуы мүмкін, — деді ол.
Маманның сөзінше, пробациялық бақылаудағы кісілер сот пен заңның барлық талаптарын сақтаса ғана бостандықта қалады.
Айта кетейік, бұған дейін пробация есебіндегі қызылордалық сот залынан қамауға алынғанын жазғанбыз.
Сонымен бірге, Жамбыл облысында пробация талаптарын бұзған екі азамат түзеу мекемесіне жіберілді.