Проблемаларды көбірек айту керек — Бектенов QazaqGaz басшысына ескерту жасады
АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министр Олжас Бектенов QazaqGaz ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Санжар Жәркешевке саладағы проблемаларды ашып айтпағаны үшін ескерту жасады.
QazaqGaz басшысы Үкімет отырысында елді мекендерді газдандыру жұмыстары туралы мәлімет берген.
— Жұмыстарыңызда ешқандай проблемалық мәселелер жоқ па сонда? Тек жұмыстың оң нәтижелерін көрсеттіңіз. Проблемалық мәселелерді көбірек айту керек, жарыққа шығару керек, талқылау керек. Бар ма, ондай мәселе, — деп сұрады Премьер-министр.
Санжар Жәркешев осыдан кейін ғана Қашағандағы газ өңдеу зауытының мәселесіне тоқталды.
— Қашағандағы газ өңдеу зауытының проблемалары болды, өзіңіз білесіз. Құрылыс жобалары, құрылыс жұмыстары баяу болған еді. Қазіргі таңда басқа бас мердігер келген. Құрылыс проблемалары шешіліп, 100 пайыз жабдықтар Қытайдан келді. Құрылысты белгіленген мерзімде аяқтауды жоспарлап отырмыз, — деді QazaqGaz басшысы.
Еске салсақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңаөзен газ өңдеу зауыты құрылысының кешігуін Үкіметтің өрескел олқылығы ретінде бағалаған еді.