Продюсерлерге фильмде Обамаға қатты ұқсайтын әзәзілді алып тастауға тура келді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Америкада түсірілген «Құдай баласы» атты фильмнің продюсерлері әзәзілдің қатысуымен болған жерлерді қиып тастауларына тура келді. Себебі сол ібілістің бейнесін сомдаған актер Барак Обамаға қатты ұқсап кеткен. Бұл кадрлар көрермендер тарапынан қате түсінік тудыруы ықтимал деген күдікпен алынып тасталды.

Картинаға продюсерлік етіп жүрген Рома Даунидің сөзіне қарағанда, қысқартуға жатқызылған кадрлар тым көп емес, себебі киноның басым бөлігі Иса пайғамбардың бейнесіне көп арналды, деп хабарлайды Lenta.ru.

«Құдай баласы» фильмінің («Son of God») премьерасы 2014 жылдың 28 ақпанына белгіленген. Оның негізгі желісі «Библия» сериалынан алынып отыр.

Иса пайғамбар ібіліспен кездескен жерге келгенде блогерлер мен БАҚ оның АҚШ президенті Барак Обамаға ұқсастығын бірден аңғарған.

Көптеген тілшілер бұл қадам қасақана жасалды деп, фильмнің продюсері мен режиссерлерін айыптаған болатын. Кейін оларға БАҚ алдына шығып, ресми жауап қайыруға да тура келген.