Аталған награданы бүгін елордадағы Конгресс-Холл сарайында медицина қызметкерлерінің мерекесіне орай өткен салтанатты шара барысында Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев табыс етті.
«Еуропалық іскерлік ынтымақтастық қауымдастықтан жағымды жаңалық алдық», деп сөзін бастаған министрдің айтуынша, осы ұйымның шешімімен медицина және фармация саласындағы зор жетістіктері үшін профессор Абай Байгенжин халықаралық «Сократ медаліне» ие болып отыр. Сонымен қатар Еуропалық ғылыми қауымастық ғылыми кеңесінің, Еуропалық жаратылыстану ғылымдар академиясы төралқасының шешімімен А.Байгенжинге №11 Еуропаның құрметті ғалымы атағы да берілген. «Ол пульмонолог маманы болғандықтан, осы салаға сіңірген еңбегі үшін «Роберт Кох» медалімен де марапатталды», деді Ж. Досқалиев.
Ғалымға жоғарыда аталған наградаларды табыс еткен министр «бұл біздің барлық қазақстандық медицина үшін үлкен жетістік. Мен бүгін осы залда отырған барлық жас дәрігерлерімізге біраз жылдардан кейін осылай әлемдік аренада жоғары марапатқа ие болуларын тілеймін», деді.
Сондай-ақ Ж. Досқалиев еліміздің бірқатар медицина қызметкерлерін ҚР денсаулық сақтау ісінің үздігі белгісімен марапаттады.