Спорт индустриясының жетекші маманы Дастан Сәтпаевтың болашағына қатысты пікір білдірді

АСТАНА. KAZINFORM — Әлемдік спорт индустриясының жетекші мамандарының бірі, профессор Саймон Чедвик қазақстандық шабуылшы Дастан Сәтпаевтың ағылшындық «Бернли» клубындағы болашағына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sports.kz .

Фото: «Спорт Шредингера» Telegram-каналы

Оның айтуынша, Сәтпаевтың «Бернлиге» жалға берілуі заңды шешім болған. Себебі бұл — «Челси» жас ойыншыларды дамыту үшін жиі қолданатын тәсіл. «Бернлидегі» бір маусым Сәтпаевтың алдағы мансабында маңызды рөл атқаруы мүмкін.

— Сәтпаев үшін басты мәселе — «Бернлиде» өткізетін уақыты оның «Челсидің» негізгі құрамына өтуіне жол ашатын баспалдақ бола ма, әлде лондондық клубпен байланысты Франциядағы «Страсбур» секілді командаға ауысуына мүмкіндік бере ме деген сұрақ. Немесе бұл жалға алу кезеңі Премьер-лига клубы оны сатып алған бағасынан қымбатқа сатып, пайда табуына жағдай жасай ма деген мәселе, — деді Чедвик.

Сарапшы сондай-ақ «Бернли» Сәтпаевтың одан әрі дамуы үшін қолайлы клуб болуы мүмкін екенін атап өтті.

— «Бернли» — дәстүрі мен өзіндік құндылықтары қалыптасқан, сонымен қатар ұқыпты әрі сауатты басқарылатын клуб. Меніңше, бұл Сәтпаев үшін тәжірибе жинап, шеберлігін шыңдауға жақсы орын болады, — деп есептейді сарапшы.

Чемпионшип — әлемдегі ең қарқынды әрі бәсекелестігі жоғары лигалардың бірі. Турнир жанкүйерлер арасында да үлкен танымалдыққа ие.

— Көптеген команда жоғары дивизионға көтерілуі мүмкін. Мұнда футбол деңгейі жоғары, ал стадиондар көбіне үлкен әрі көрерменге лық толы. Чемпионшипте ойнау Премьер-лигада өнер көрсетуге жақсы дайындық болады. Сонымен қатар футболшыларға қоғам тарапынан түсетін назар да әлдеқайда аз, — деді профессор.

Сарапшының пікірінше, Сәтпаев «Челсидің» маусым алдындағы дайындығы кезінде өзін командада жақсы қырынан көрсетті. Дегенмен Чедвик оның ағылшын футболына бейімделуі үшін уақыт пен ойын кеңістігі қажет екенін атап өтті.

— Сондықтан ол «Бернлиге» ауысты. Мұнда Сәтпаев өсіп, дамып, кейін келесі қадам жасап, Премьер-лига деңгейіне көтерілуі мүмкін, — деді Чедвик.

Дастан Сәтпаевтың жаңа командадағы болашағына тоқталған Чедвик негізгі құрамдағы орын үшін бәсекелестікке де назар аударды.

— Соңғы жылдары «Бернли» трансферлік құны жоғары тәжірибелі ойыншылар мен болашағы зор жас футболшылар арасында тепе-теңдік сақтауға тырысып келеді. Егер Сәтпаев өзін кәсіби тұрғыдан көрсетіп, жақсы ойнаса, оның «Бернлидің» негізгі құрамынан тұрақты орын алуы әбден мүмкін. Алайда клубта ұлттық құрамаларда өнер көрсетіп жүрген тәжірибелі футболшыларды қоса алғанда, мықты ойыншылар бар. Сондықтан жетістікке жету үшін Сәтпаев барынша жинақы болып, аянбай еңбек етуі керек, — деді сарапшы.

Сәтпаев «Бернли» сапындағы дебютін жексенбі күні Чемпионшиптің екінші турында «Вест Бромвичке» қарсы матчта өткізуі мүмкін.

Айта кетейік, бұған дейін Дастан Сәтпаевтың Англияның «Бернли» клубы сапындағы алғашқы матчын қашан өткізуі мүмкін екені белгілі болды.