Ақмола облысы прокуратурасының мәліметінше, инвестициялық жобаның жалпы құны — 5,8 млрд теңге. Жоба жұмыс орындарын ашуға және өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін дамытуға мүмкіндік береді.
Ведомствоның хабарлауынша, жүргізілген талдау кезінде уәкілетті мемлекеттік органның инвесторға қатысты көші-қон заңнамасының сақталуы мәселесі бойынша прокуратураның міндетті келісімін алмай және Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарында тіркемей тексеру жүргізгені анықталды.
— «Прокурорлық сүзгі» тетігіне сәйкес, инвесторларға қатысты тексерулер тағайындау, әкімшілік іс жүргізуді қозғау, рұқсат беру-шектеу шараларын қолдану және сотқа талап қою туралы мемлекеттік органдардың барлық шешімі прокуратура органдарымен міндетті түрде келісілуге тиіс, — деп хабарлады ведомство.
Прокурорлық қадағалау актісі бойынша аталған тексеру заңсыз деп танылып, үш әкімшілік іс жүргізу тоқтатылды.
Қазіргі уақытта кінәлі лауазымды тұлғаларды заңда белгіленген жауапқа тарту мәселесі қаралып жатыр.
— Әкімшілік кедергілерге тап болған немесе құқығы бұзылған инвесторлар 8 (705) 129-11-40 нөміріне және 115 Call-орталығы арқылы прокуратура органдарына хабарласа алады, — деп ескертті ведомство.
Еске салайық, бұған дейін Алматы облысында инвесторлардың жұмысына кедергі келтірген 18 шенеунік жазаланғанын хабарлағанбыз.