Прокуратура 600 млн АҚШ долларынан астам шетелдік инвестицияны қорғауға ықпал етті

АСТАНА. KAZINFORM – Ақмола облысында прокуратураның ықпалымен халықаралық «Zijin Mining» компаниясының ірі инвестициялық жобасын іске асыруға кедергі келтірген рәсімдік мәселе шешілді.

Коллаж: Kazinform / Freepik

Жоба аясында жылына 10 млн тонна кен өңдейтін алтын өндіру фабрикасын салу көзделген. Шетелдік инвестиция көлемі 600 млн АҚШ долларынан асады.

Жобаның іске асырылуы елдің өнеркәсіптік әлеуетін нығайтуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және салық түсімдерін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Ұзақ экологиялық рәсімдер дайындық жұмыстарын 2027 жылғы сәуірге дейін кейінге қалдырып, құрылыс мерзімдерінің созылуына әкелуі мүмкін еді.

Прокуратураның бастамасымен уәкілетті орган міндетті қоршаған ортаға әсерді бағалауды жүргізбей, экологиялық бағалаудың оңайлатылған тәртібін қолдану туралы шешім қабылдады.

Осылайша, экологиялық талаптар сақтала отырып, инвестицияларды игеру мерзіміне әсер еткен кедергі жойылды.

– Қажетті рәсімдердің аяқталуы және жобаның іске асырылуы облыс прокуратурасының бақылауында, - делінген хабарламада.