ОРАЛ. ҚазАқпарат - Ұлы Жеңістің 72 жылдығы қарсаңында БҚО прокуратурасының қызметкерлері Ұлы Отан соғысы және прокуратура ардагері Иван Гапичті мейраммен құттықтап, оған мықты денсаулық және ұзақ ғұмыр тіледі, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
БҚО прокуратурасының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, Иван Степановичке «Қазақстан прокуратурасына 25 жыл» мерекелік медалі мен ескерткіш сыйлық табыс етілді.
1923 жылы 2 ақпанда дүниеге келген И.С.Гапич өз еркімен майданға аттанып, Украина, Польша, Чехословакия және басқа елдерді жаудан азат етуге қатысты. «Қызыл Жұлдыз», үшінші дәрежелі Даңқ ордендерімен, «Ерлігі үшін», «Кенигсбергті алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған жауынгер 1945 жылы 24 шілдеде Мәскеудегі Жеңіс шеруіне қатысты.
Соғыстан кейін прокуратура органдарында қызмет атқарды. Соның ішінде 1966-1986 жылдары БҚО прокурорының бірінші орынбасары болды. «Прокуратураның құрметті қызметкері» төсбелгісімен, «Құрмет» орденімен, көптеген медальдармен марапатталған Иван Гапич өңірдің қоғамдық-саяси өміріне, жас ұрпақ тәрбиесіне де белсене араласып келеді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).