Прокуратура балалардың құқықтарын қорғауға арналған «Саналы ұрпақ» цифрлық жобасын іске қосты

АСТАНА. KAZINFORM – Бас прокуратура балалардың құқықтарын қорғау және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында «Саналы ұрпақ» цифрлық жобасын іске асырып жатыр.

Фото: Мақсат Шағырбаев/ Kazinform

Ведомствоның мәліметінше, Бас прокурор Берік Асыловтың тапсырмасымен еліміздің барлық өңірінде кәмелетке толмағандардың цифрлық профилактикалық картасын қалыптастыру көзделген. Жүйе тәуекел тобына жататын балаларды ерте анықтап, құқық бұзушылық жасалғанға дейін алдын алу шараларын қабылдауға мүмкіндік береді.

Жоба алғаш рет Астанадағы үш колледжде сынақтан өткізілген. Талдау нәтижесінде жасөспірімдер қылмыстылығының негізгі себептері ретінде білім алу мақсатындағы көші-қон, кәмелетке толмағандарды профилактикалық есепке уақытылы қоймау және ата-аналардың бақылауының жеткіліксіздігі анықталған. Сондай-ақ үш колледждің өзінде тіркеусіз тұрып, мемлекеттік органдардың назарынан тыс қалған 45 студент белгілі болған.

«Жүйе тәуекел тобына жататын балаларды дер кезінде анықтап, құқық бұзушылық жасалғанға дейін қажетті алдын алу шараларын қабылдауға мүмкіндік береді», – деп мәлімдеді Бас прокуратура.

Сонымен қатар елордадағы түнгі ойын-сауық орындарының бірінде жүргізілген профилактикалық рейд барысында 171 кәмелетке толмаған анықталған. Олардың 108-і мектеп оқушысы, 63-і колледж студенті. Барлығы полицияға жеткізіліп, кінәлі тұлғалар жауапкершілікке тартылған, ал ойын-сауық мекемесінің қызметі тоқтатылған.

Профилактикалық жұмысты жетілдіру мәселелері Бас прокуратурада өткен ведомствоаралық кеңесте талқыланды. Кеңеске Оқу-ағарту министрлігі, Ішкі істер министрлігі, облыс прокурорлары, өңір әкімдерінің орынбасарлары және өзге де уәкілетті органдардың өкілдері қатысты.

Кеңесте елімізде жасөспірімдер қылмысының деңгейі 5%-ға төмендеп, 1 110-нан 1 061 жағдайға дейін азайғаны айтылды. Жыл басынан бері 6 мыңнан астам профилактикалық рейд өткізіліп, 2 мыңға жуық кәмелетке толмаған профилактикалық есепке алынған.

«Қазіргі уақытта буллинг, зорлық-зомбылық және психологиялық қолайсыздық балалар арасындағы суицидтің негізгі себептеріне айналып отыр», – деп атап өтті кеңеске қатысушылар.

Кеңес қорытындысында әрбір баланың өмірі мен денсаулығын, құқықтарын қорғау мемлекеттің басты басымдығы екені және бұл бағытта тұрақты нәтижеге отбасы, мектеп, қоғам мен мемлекеттік органдардың бірлескен жұмысы арқылы ғана қол жеткізуге болатыны атап өтілді.

Айта кетейік, прокуратура жыл сайын 1 миллионнан астам баланың құқығын қорғайды.