Прокуратура ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы заңнаманың бұзылғанын анықтады

АСТАНА. 19 қазан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Жезқазған қаласының прокуратурасы қалалық ботаникалық бақта ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы заңнамаға тексерістер жүргізді.

Соның барысында өртке қарсы қауіпсіздік туралы заңнаманың, жер заңнамасының, сондай-ақ «Жылжымайтын мүлікке құқықты мемлекеттік тіркеу және онымен мәміле жасау туралы» заңнамалардың бұзылғандығы анықталып отыр. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметінен хабарланды.

«Атап айтқанда, өрт қауіпсіздігіне қатысты Жезқазған ботаникалық бағының аумағы қураған ағаштардан уақыты тазартылмайтындығы анықталды. Дала алқаптарындағы өртке қарсы белгіленген шектерде айналдыра жер жырту жұмыстары да атқарылмаған. Бұдан бөлек, Жезқазған ботаникалық бағы ерекше қорғалатын аумақ паспортын иеленбегені де белгілі болды. Аталған ерекше қорғауға жататын 62,05 гектар алқап қала әкімінің шешімімен ботаникалық бақтың иелігіне бекітіліп берілген. Бұндай бұзушылықтардың барлығы аталған ұйымдағы қызметкерлердің заң талаптарын ешқандай ескермегендіктен орын алуда», - делінген баспасөз айғағында.

Тексеріс қорытындыларына сәйкес, Жезқазған қалалық прокуратурасы кінәлі тұлғаларды тәртіптік жауапкершілікке тарта отырып, заң талаптарын қалпына келтіру туралы ұсыным жасады.