Прокуратура қарттар мен мүгедектерге бөлінген 20 миллионнан астам теңгенің заңсыз жұмсалғанын анықтады
Тексеру барысында аталмыш мекемелерде жатқан азаматтарға бөлінген қаржының 20 миллионнан астам теңгесін заңсыз жұмсау әрекеті анықталды. Бұл туралы бүгін журналистермен болған брифингте Бас прокуратураның ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков айтты.
Оның сөзіне қарағанда, тексерулер барысында мемлекет қамқорлығына алған азаматтардың денсаулықтары мен өмірлеріне қауіп төндіретін заң бұзу әрекеттерін анықтады. «Ал осы мекемелердегі азаматтарға көрсетілетін қызмет деңгейнің
төмендігі мен азаматтардың мекемеге тиісті мөлшерден тыс көп орналастырылуы жүйелі түрде орын алып отырған кемшіліктер. Мысалы, Жамбыл облысында орналасқан мүгедектер мен мүмкіндігі шектеулі 100 адамға арналған №2 интернат үйінде 300 адам тұрып жатыр. Мұндай фактілер еліміздің өзге де аймақтарында көптеп кездеседі. Олардың арасында адамдарға орын жетпегендіктен оларды дәлізге орналастыру әрекеттері де анықталды», деді ресми өкіл.
Оның сөзіне қарағанда, көптеген интернат-үйлерде мемлекет қамқорлығына алынған азаматтарға бөлінген зейнетақы мен жәрдемақыларды заңсыз пайдалану жағдайлары орын алған. «Жамбыл облысындағы жүйке-неврологиялық интернат-үйінде қамқорлыққа алынған азаматтардың есебінен 700 мың теңгеге кілем алынған. Ал Батыс Қазақстан облысында қоймада бар бола тұрғанына қарамастан 1,4 миллион теңгеге жуғыш заттар мен төсек жабдықтары сатып алынған. Бұл ретте әсіресе мекеме басшыларының тауарларды алаяқ ұжымдардан сатып алып отырғандықтарын ерекше атап өту керек», деді Н.Сүйіндіков.