Прокуратура қыз алып қашуға қарсы заңның орындалуын бақылап отыр - Ғалымжан Қойгелдиев

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Бас прокурорының орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев Жамбыл облысында бір топ жігіттің көпшіліктің көзінше қыз алып қашуы оқиғасына қатысты пікір айтты.

- Жамбыл облысындағы бұл дерек жайында хабардармын. Осыған қатысты полиция жедел әрекет етіп, күдіктілерді ұстады. Қазір қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары басталды. Атап айтқанда, қыз алып қашу сияқты іс-қимылдарға жеке өзім қарсымын. Отбасын құру осындай зорлықтан басталса, оның болашағы қандай болатыны түсінікті... Елімізде тиісті заң қабылданды. Сондықтан прокуратура тарапынан осы заңнының орындалуын толық қамтамасыз етеміз, - деді Ғ. Қойгелдиев Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Айта кетейік, жақында Жамбыл облысында бірнеше жігіттен құралған белгісіз топ қызды көпшіліктің көзінше көлікке күшпен отырғызып, алып қашқан. Белгілі болғандай, біраз уақыттан кейін қыз босатылған және зардап шекпеген. Алайда полиция бұл жағдай бойынша «Адам ұрлау» бабы бойынша қылмыстық іс қозғады.

Еске салайық, аталған бап бойынша қолданылатын жаза биыл күшейтілді. Енді адам ұрлағандар жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.