16:39, 16 Сәуір 2009
Прокуратура Қорғаныс министрлігінің 2006-2008 жылдар аралығындағы сатып алу шараларының заңдылығын тексеруде
АСТАНА. Сәуірдің 16-сы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бас прокуратура өзге де құзырлы органдармен бірлесе отырып, Қорғаныс министрлігіндегі 2006-2008 жылдар аралығындағы сатып алу шараларының заңдылығын тексеруде.
Бұл туралы бүгін Бас прокуратураның ресми өкілі Сапарбек Нұрпейісов журналистермен болған брифингте мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Сіздер еліміздің қорғаныс саласында қару-жарақ мәселесіне болған оқиғадан хабардарсыздар. Біз Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесе отырып, Қорғаныс министрлігінде арнайы тексерулер жүргіздік. Оның нәтижесі уақытында Қорғаныс министрлігіне хабарланды да. Қазіргі таңда министрліктегі көптеген азаматтар осы қару-жараққа қатысты іс бойынша тексерілуде. Әзірге олардың аты-жөндері туралы мәліметтерді жария ете алмаймыз», - деді ресми өкіл. Сондай-ақ прокуратура қазір Қорғаныс министрлігінің генерал-майор шеніндегі лауазым иесі арызының ізімен тексерулер жүргізуде. Бұл мәселе бойынша арнайы топ құрылған. «Тексеру барысында анықталған деректердің барлығы жан-жақты сараланып, оған құқықтық баға берілуі керек. Ал сатып алу заңдылығына байланысты тексерулерді біз маусым айының соңына дейін аяқтаймыз», - деді С. Нұрпейісов.