Бұл туралы ҚазАқпарат ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
«Атап айтқанда, ағымдағы жылғы 3 наурызда «Доссор мұнайгаз» мұнай- газ өндіру басқармасына қарасты «Шығыс Мақат» кен орнындағы Мұнай дайындау айдау цехындағы №5 қазанынан мұнай төгіліп, 2,15 текше метр жер залалданған. Бұдан басқа, аталған цехтың батыс жағында ұзындығы 66 метр, ені 12 метр тереңдігі 0,05 метр болатын жалпы көлемі 39 текше метр болатын жер де ластанып, қоршаған ортаға үлкен залал келтірілген», - делінген баспасөз айғағында.
Осыған орай, қоршаған ортаға зиян келтіргені үшін «Доссормұнайгаз» Барлау Өндіру АҚ-на 226 800 теңге мөлшерінде және лауазымды тұлғаға 37 800 теңге мөлшерінде айыппұл салынды. Сонымен қатар, қоршаған ортаны ластайтын заттар шығару барысында орын алған апаттар анықталған кезден бастап 2 сағат ішінде саладағы уәкілетті органға хабарламағаны үшін «Доссормұнайгаз» басқарма бастығының орынбасарына 37 800 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды.
Бұдан басқа, басқарманың заңсыз әрекетінен қоршаған ортаға келтірілген зиян есептеле келе «Доссормұнайгаз» Барлау Өдіру Акционерлік қоғамына 7 610 470 теңге мөлшерінде наразылық талабы жазылған болатын. Соның нәтижесінде, «Доссормұнайгаз» Акционерлік қоғамы 7 912 870 теңге айыппұлды мемлекет пайдасына өтеді.