Прокуратура: Мұратхан Тоқмади прокурормен келісім жасамақ

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Мұратхан Тоқмади кінәні мойындау туралы прокурормен процессуалдық келісім жасауға келісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық прокуратураның баспасөз қызметінің хабарлауынша, аталған қылмыстық істің тергелу барысы Алматы қаласы прокуратурасының бақылауына алынған.

«5 қыркүйекте Мұратхан Тоқмади кінәні мойындау туралы прокурормен процессуалдық келісім жасауға келісті. Аталған талап-тілек процессуалдық прокурормен қаралғаннан кейін процессуалды келісім жасау мәселесі шешіледі», - деді баспасөз қызметінен.

Прокуратура Тоқмәдидің бұрынғы қорғаушылары неге істен шеттетілгені туралы түсіндірді.

«ҚР ҚІЖК-нің 70-бабы 5-бөліміне сәйкес қорғаушы

заң көмегін жүзеге асыруға байланысты өзiне белгiлi болған мәлiметтердi жариялауға құқылы емес.

ҚР ҚІЖК-нің 201-бабына сай сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерi прокурордың рұқсатымен жария етілуі мүмкiн.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам қорғаушыға өзiнiң рұқсатынсыз iстегi мәлiметтердi жария етуге жол берiлмейтiнi туралы ескертедi. Бұл туралы көрсетілген адамдардан жауаптылық туралы ескертіле отырып қолхат алынады. Қорғаушылар Әлімжан Оралбай және Джохар Өтебеков өздеріне аталған міндеттемелерді қабылдаудан бас тартты.

Осыған байланысты күдіктінің қорғаушылары А.Оралбай мен Д.Өтебеков ағымдағы жылдың 29 және 31 тамызында қылмыстық іс-жүргізу нормаларын сақтаудан бас тартып және заң бойынша әрі қарай іс жүргізуге қатысу мүмкіндігінің болмауына байланысты, қылмыстық іске қатысудан шеттетілді (ҚІЖК 94 бабы 1 бөлімі 4 тармақ)», - деді прокуратурадан.

7 кыркүйекте М.Тоқмади белгіленген қорғаушы Э.Сұлтановтан бас тартты.

Қазіргі уақытта қорғаушыны ауыстыру мәселесі шешілуде.

Айта кету керек, ведомствоаралық жедел-тергеу тобы М.Тоқмадиға қатысты бопсалау, атыс қаруын және оқ-дәрiлердi заңсыз айналымға шығару баптары бойынша (ҚК-нің 194-287-баптары) сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.