Прокуратура органдары лейкемия ауруына шалдыққан балаларға «С» вирус гепатитін жұқтыру оқиғасы бойынша тағайындалған тексеруді аяқтады

АСТАНА. Шілденің 22-сі. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Прокуратура органдары лейкемия ауруына шалдыққан балаларға «С» вирус гепатитін жұқтыру оқиғасы бойынша тағайындалған тексеруді аяқтады. Бұл туралы бүгін Астанада өткен брифингіде Бас прокуратураның ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков мәлім етті.

«Жұқтыру көздерін анықтау мақсатында Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында және респубикалық қан орталығында тексерулер жүргізілді. Аумақтық прокурорлар жергілікті емдеу профилатикалық мекемелерінде балалардың ауруды тұрғылықты жерлерінде жұқтыру мүмкіндігін тексерді. Сондай-ақ медициналық карточкалары бойынша әрбір баланы емдеу және оның жүріп тұруы бақыланды, 1000 астам донорлар тексерілді», - деді ресми өкіл брифингіде.

«Қабылданған шараларға қарамастан, балаларға аталған вирусты жұқтыру көзін нақты анықтау мүмкін болмады. Бүгінгі таңда осы тексеру нәтижелері бойынша прокурорлық ықпал ету шараларын қабылдау үшін негіз жоқ», - деді ол.

Н.Сүйіндіковтың сөзіне қарағанда, сонымен бірге туындыған мәселелерді жою мақсатында қан орталықтарындағы зертханалық зерттеулердің міндетті шарты ретінде барлық донорлардың қан сарысуларының қалдық мөлшерлерін мұрағаттауды және кемінде бес жыл сақтауды көздейтін ереже бекітілді.

«Демек, алдағы уақытта белгілі бір донор қанының тазалығына күмән келтірілсе, қан үлгілерін сақтау мерзімі ішінде оларды қайта зерттеу мүмкіндігі болады», - деді ресми өкіл.