«Жаңадан қабылданған «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңға сәйкес, құқық қорғау органдары мемлекеттік қызметтің бірыңғай жүйесіне енгізілді. Сонымен қатар қызметке кіру төменгі лауазымнан басталады. Бұл ретте тиісті біліктілік талаптары белгіленген. Бірінші кезекте барлық кадрлық үдерістерді ғылымға негізделген әдістермен жоспарлау мен болжау іске асырылады. Кадрларға қажеттілікті қанағаттандыру үшін Мамандардың тізбесіне қарай қызметкерлерге деген қажеттілік жоспарланатын болады»,-деп тоқталды Ғ. Әбдіхалықов.
Оның сөзіне қарағанда, кадрлық болжамды жүргізу әдістемесі әзірленді және бұл құжат ерте кезден бастап қызметкерлерге деген қажеттілікті жоспарлауға бағытталған, соның ішінде арнайы білімі мен дағдысы бар (дінтанушылар, криминалистер, психологтар мен басқа да мамандар) қызметкерлерді іріктеуге арналып отыр.
«Меритократия қағидасы бойынша бәсекеге қабілеттілік көрсеткіші енгізіледі. Мансаптық өсуге тоқталатын болсақ, бәсекеге қабілеттілік көрсеткіші жоғары қызметкерлер ғана қызмет бабында жоғарылайтын болады. Бұл көрсеткіш әрбір қызметкердің тиімді жұмыс жасап отырғанын көрсететін белгілі бір индикатор арқылы есептеліп шығарылады. Қолайлы моральды-психологиялық ахуалды жасау мақсатында және жұмыстың сапасын арттыру үшін тұрақты түрде әлеуметтік мониторинг жүргізу институты енгізілді»,-деді аға прокурор.
Сонымен қатар ол басқа құқық қорғау органдарымен салыстырғанда прокуратура органдарында қызметке кірудің сынақ мерзімі бір жылға дейін белгіленгенін, бұл ретте бұл мерзім аяқталғаннан кейін аттестаттаудан өтіп, бірінші сыныптық шенін алатынын атап өтті.
Айта кетейік, облыстық және аудандық деңгейдегі басшыларды әрбір бес жыл сайын жоспарлы түрде ротациялау белгіленіп отыр, сондай-ақ ротация жүргізілген қызметкерлерге міндетті түрде қызметтік баспана беру айқындалған.