Прокуратура рейді: Маңғыстауда заңсыз құм ұрлау фактісі тіркелді

АСТАНА. KAZINFORM — Маңғыстауда «Таза Қазақстан» акциясы аясында экологиялық заңбұзушылықтар анықталды, деп хабарлайды облыстық прокуратураның баспасөз қызметі.

Фото: Қоғамдық коммуникация орталығы

Маңғыстау облысында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында табиғат қорғау прокуратурасы уәкілетті органдармен бірлесіп рейдтік іс-шаралар өткізді. Нәтижесінде бірқатар экологиялық заңбұзушылық анықталды.

— Рейд барысында Ақтау қаласы мен Мұнайлы ауданы аумақтарында тұрмыстық қатты қалдықтар мен құрылыс қоқыстарының заңсыз үйілген орындары белгілі болды. Осыған байланысты аумақтарды тазарту жөнінде жауапты мемлекеттік органдарға тиісті тапсырмалар берілді. Анықталған заңбұзушылықтар бойынша аудан әкімінің орынбасары мен бірнеше жеке тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылса, қалалық әкімдік қызметкерлеріне тәртіптік шаралар қолданылды, — делінген хабарламада.

Сонымен қатар тексеру кезінде заңсыз құм өндіру дерегі де анықталды. Аталған факт бойынша Мұнайлы аудандық полиция бөлімінің жедел-тергеу тобы шақырылып, оқиға ақпараттық есепке алу кітабына тіркелді.

Прокуратура қоршаған ортаны қорғау мен тазалықты сақтау әр азаматтың ортақ міндеті екенін атап өтті. Ведомство тұрғындарды қоқысты арнайы белгіленген орындарға тастап, табиғатқа ұқыпты қарауға шақырды.

Осыдан бұрын Маңғыстауда құны 870 млн теңгелік 50 гектар жер мемлекет меншігіне өткенін жаздық.