Бұл бағыттағы жұмыстар рейдерлік әрекеттерді жүзеге асырушылардың тек әкімшілік ресурстарды ғана емес, заңдағы кем-кетіктерді де тиімді пайдаланып отырғандығын көрсетті», деді Бас прокуратураның ресми өкілі Нұрдәлет Сүйіндіков. Бұл туралы ол бүгін журналистермен болған брифингте мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ресми өкілдің сөзіне қарағанда, прокуратура қызметкерлері арнайы жүргізілген талдау жұмыстарының нәтижесінде рейдерлік әрекеттерге «тұсау» болатын бірнеше ұсыныстар енгізіп, еліміздің кейбір заңнамалық актілеріне тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қарастырып отыр. «Нақтырақ айтқанда, біз қазір «Банкроттық туралы», «Жылжымайтын мүлік несиесі туралы», «Акционерлік қоғамдар туралы», «Құнды қағаздар нарығы туралы», «Қожалық серіктестіктері туралы» және өзге де бірқатар заңдардың нормаларын жетілдіру қажет деп отырмыз. Сондай-ақ Қылмыстық кодекске рейдерлікті жауапқа тартатын, ал Азаматтық процессуалдық кодекске корпоративті дауларды реттейтін толықтырулар енгізу көзделіп отыр. Аталмыш шаралар біреудің мүлкін тартып алып, кәсіпкерлік нысандарының жоғалуына мықты тосқауыл болады деген ойдамыз», деді ресми өкіл.