Прокуратура тексерісінен кейін Ақсуда пәтер жалдау ақысы арзандады
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Құзырлы орган ақсулық тұрғындарға тұрғын үйдің жалдау ақысын төмендетуге көмектесті. Енді отбасылар бұрынғыға қарағанда 2,5 есе аз төлейтін болады.
Ақсуда прокурорлардың наразылығы негізінде қабылданған шаралардың нәтижесінде мемлекеттік меншікке жататын алты тұрғын үйдегі пәтерлердің жалдау ақысы қайта қаралды.
– Енді тұрғындар пәтердің бір шаршы метр үшін бұрынғы 125 теңгенің орнына 49 теңге төлейтін болады. Қала әкімдігі тұрғындармен 100-ден астам келісімшартты қайта жасасты. Жалға алу құнының төмендеуіне прокуратура анықтаған заң бұзушылықтар себеп болды. Атап айтқанда, жалдау ақысын есептеу кезінде әкімдік ғимараттардың есептік пайдалану мерзімін және олардың жалпы аудандарын дұрыс анықтамаған. Бұл жалдау төлемдерінің негізсіз артып кетуіне әкелген, – деп хабарлады облыстық прокуратураның баспасөз қызметінен.
Бұған дейін Ақсу прокурорлары бір пансионаттан қарт адамдарды азаптау деректерін анықтағаны туралы жазғанбыз.