Прокуратура темір жолдағы көліктерден көптеген заңбұзушылықтарды анықтады

АСТАНА. 12 қаңтар. ҚазАқпарат - Прокуратура органдары теміржол көлігіндегі қызмет көрсету әрекеттерінің заңға сәйкестігін анықтау мақсатында тексеру жүргізіп,

көптеген заңбұзушылықтарды анықтады. Аталмыш заңбұзушылықтар жөнінде бүгін журналистермен болған брифингте Бас прокуратураның ресми өкілі Жандос Өміралиев баяндады.

Оның сөзіне қарағанда, заңбұзушылықтардың басым бөлігі тасымал қауіпсіздігі талаптарына жауап бермейтін жүк және жолаушылар вагондарын пайдалану, нақты түрде көрсетілмеген қызмет үшін тұтынушылардан заңсыз ақша жинау, тұтынушы құқықтарын бұзу сияқты әрекеттермен байланысты. «Мысалы Қарағандыда «Қазтеміртранс» акционерлік қоғамы пайдалану мерзімдері бұзылған 18 жүк вагонын пайдаланып келген. Қызмет көрсету мерзімдері өтіп кеткен, сондай-ақ санитарлық паспорттары жоқ вагондарды пайдалану мен осыған ұқсас фактілер 8 жолаушылар пойызында анықталды»,-дейді ресми өкіл.

Оның мәліметтеріне қарағанда, «Астана-Арқалық» бағытындағы жолаушылар пойызының вагонында электр қондырғысының істен шыққандығы анықталды. Бұл әрекеттің соңы вагоннан өрт шығып, одан, адамдардың зардап шегу жағдайына соқтыруы мүмкін еді. Өйткені вагона не өрт дабылы не ішкі байланыс жоқ. «Тексеру барысында көрсетілмеген қызметтер үшін тұтынушылардан ақша алу фактілері анықталды. Мысалы Ақтөбе жол бөлімшесінің өкілдері 21 шаруашылық жүргізуші субъектісінен 220 вагонды тазалап жуғаны үшін құны 1 миллион 589 мың 353 теңге болатын қаржы өндіріп алған. Ал тексеру барысында 125 вагонның мүлдем жуылмағандығы анықталды. Осы тектес фактілер Қандыағаш, Қызылорда, Маңғыстау, Жамбыл және Қостанай өңірлерінде де орын алды», - деді Ж.Өміралиев.

Оның айтуынша, тексеру барысында прокурорлар анықталған заңбұзушылықтар бойынша 92 ұсыныс, 7 ұйғарым, 4 наразылық енгізіп, 123 әкімшілік іс жүргізу істерін қозғаған.