Прокуратура «Теңізшевройл» компаниясының мұнайды қаншалықты заңды өндіріп жатқандығын тексеруде
Бұл туралы бүгін журналистермен болған брифингте Бас прокуратураның ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков айтты.
Оның сөзіне қарағанда, «Теңізшевройл» компаниясына Мұнай және газ министрлігі бөлген жерден мұнай өндіруге қатысты болып отыр. «Министрліктің мәліметтеріне қарағанда, олар компания өкілдеріне арнайы келісім негізінде мұнай өндіру үшін жер бөлген. Ал компания өкілдері мұнайды келісімде белгіленген шектен төменнен өндіруде. Қазіргі таңда аталмыш әрекет бойынша прокуратура органдары тиісті тексеру жұмыстарын жүргізуде. Мұнайды заңсыз өндіру әрекеттері анықталған жағдайда мемлекетке келген шығын есептеліп, тиісті шара қолданылады», деді ресми өкіл.
Оның айтуынша, Мұнай және газ министрлігі компанияға айып салу қажет деп отыр. «Алайда мұнайды заңсыз өндіру фактісі де және оның ауқымы да әлі анықталған жоқ. Сондықтан қазір қандай да бір айыппұл санкциялары туралы сөз қозғау ерте», деді Н.Сүйіндіков.