Прокуратура «Транстелекомның» бұрынғы шенеунігінің мүлкін бұғаулауға санкция берді

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Бас көлік прокуратурасы «Транстелеком» АҚ-ның бұрынғы бірінші вице-президенті М.Әбдірахмановқа қатысты айыптау қорытындысымен келісіп, істі сотқа жіберді, деп хабарлайды аталған ведомствоның баспасөз қызметінен.

ҚР Экономикалық және сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігінің жедел тобының тергеу нәтижесінде оның «Транстелеком» АҚ-ның бірінші вице-президенті болған кезінде қызметтік өкілеттігін теріс пайдаланып, «КТ&Т» ЖШС-мен консорциалдық келісімшартқа заңсыз қол қойып, мемлекетке 4,1 млрд. теңге залал келтіргені анықталды.

Өткен жылғы 14 тамызда Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының Азаматтық және әкімшілік істер бойынша қадағалау сотының алқасымен аталмыш консорциалдық келісімшарт жарамсыз деп танылды. Сот үкімін орындау мақсатында Бас көлік прокуратурасы М.Әбдірахмановтың жылжитын және жылжымайтын мүлкін бұғаулауға санкция берді.

Ағымдағы жылдың 31 қаңтарында М.Әбдірахмановты айыптауға қатысты қылмыстық іс Алматы қаласы Алмалы аудандық сотына жіберілді.