Заң жобасын қос Палатаның депутаттарына Мәжіліс өкілі Абзал Құспан таныстырды. Оның айтуынша, түзетулердің бірінші тобы прокуратура жүйесінде активтерді қайтаруға бағытталған жаңа уәкілетті органның құрылуымен байланысты заңнамаға ұсынылып отыр. Бұл жаңа ведомство активтерді іздестіруге және қайтаруға қатысы бар барлық мемлекеттік аппарат қызметін жұмылдырады. Сондай-ақ, бұл уәкілетті орган заңсыз иемденілген активтерді қайтаруға байланысты құрылатын комиссияның функциясын атқарады.
«Түзетулердің екінші тобы – активтердің пайда болуының қайнар көзі, шығу тегі, заңдылығына қатысты ақпараттарды мониторинг және талдау жасауды Конституциялық заңдар деңгейінде құқықтық регламентация жасау қажеттілігімен байланысты.
Осыған байланысты, Конституциялық заңмен бекітілген прокурорлардың құқықтары, тиісінше жаңа ережелермен толықтырылады», - деген Мәжіліс депутаты Конституциялық заңға енгізілетін жаңа нормаларды атап шықты. Олар:
1. Активтерді іздестіру мен қайтару қызметі;
2. Активтердің шығу тегін анықтау, олардың сақталуын қамтамасыз ету шараларын қолдану, активтерді қайтаруға байланысты халықаралық ынтымақтастық орнату;
3. Уәкілетті органдар қызметін үйлестіру және байланыс орнату;
4. Активтерді қайтаруға қатысты келісімдерді жасасу;
5. Соттарға қамтамасыз ету туралы өтінішхаттар беру, заңсыз иемденілген активтерді мемлекет меншігіне қайтару туралы Қазақстан Республикасының азаматтық процестік заңнамасына сәйкес, талап арыздар беру;
6. Қазақстан Республикасы заңдары мен Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен көзделген басқа да міндеттер мен өкілеттіктерді жүзеге асыру.
Парламенттегі қос палата депутаттары ұсынылған заң жобасын екі оқылымда талқылап, құжатты қабылдау туралы шешім шығарды.
Айта кетейік, өткен аптада Мәжіліс активтерді мемлекетке қайтару жөніндегі заңды қабылдаған еді.