Прокуратура жыл басынан бері алименттен қағылған 250 баланың пайдасына 87 млн теңге өндірген
АСТАНА. KAZINFORM – Алимент төлеуден жалтарған әкелермен күрес жүргізу, балалардың құқығын қорғау мәселесі прокуратураның бірінші кезектегі міндеттерінің бірі болып қала береді.
Астана қаласы прокуратурасының қадағалауымен «электрондық әмияндар» — электронды төлем құралдарында 300 млн теңгеден астам кірісін жасырған борышкерлер анықталды.
«Мәселен, 5 млн теңге қарызы бар жосықсыз борышкер екі баласына 5 жыл бойы алимент төлемеген. Ол әмиянын 6 млн теңгеге толықтырып, өз қажеттіліктері үшін жаратқан. Басқа жағдайда, 33 жастағы алимент төлемеуші сот үкімімен алимент төлеуден жалтарғаны үшін 100 сағаттық мәжбүрлі еңбекке тартыла отырып, 1 жылға бас бостандығынан шектелді», — делінген хабарламада.
Жалпы жыл басынан прокурорлар 250 баланың пайдасына 87 млн теңге өндірген.
Сот актілерін орындамағаны үшін 98 борышкер әкімшілік, 10 борышкер қылмыстық жауаптылыққа тартылды.
Бұл бағыттағы жұмыстар жалғаса бермек.