Бас прокуратураның мәліметінше, жыл сайын қадағалау шараларының нәтижесінде 1 миллионнан астам кәмелетке толмағанның құқығы қорғалады.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде 1034 жетім бала тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ 1,3 мыңнан астам жетім бала тұрғын үй алу кезегіне қайта қойылды.
Балалардың қауіпсіз оқу ортасында білім алуын қамтамасыз ету мақсатында ел бойынша 17 мың білім беру ұйымына тексеру жүргізілді.
Тексеру барысында балалардың физикалық және ақпараттық қауіпсіздігіне, санитарлық-гигиеналық жағдайларға және қаржылық тәртіптің сақталуына қатысты көптеген заң бұзушылық анықталып, жойылды.
– Қабылданған шаралардың нәтижесінде 63 мектептегі мәселелер шешіліп, 31 мың баланың оқуына қолайлы жағдай жасалды, – деп хабарлады ведомство.
Мектептерде бейнебақылау жүйелері орнатылып, олардың басым бөлігі полицияның жедел басқару орталықтарына қосылды.
Сонымен қатар білім беру ұйымдарының кадрлық құрамы тексерілді.
Тексеру нәтижесінде бұрын қылмыс жасаған, сондай-ақ психоневрологиялық және наркологиялық есепте тұрған азаматтар білім беру ұйымдарындағы қызметінен шеттетілді.
Жазғы демалыс кезеңінде балалар қауіпсіздігіне ерекше назар аударылып отыр.
– Балалар лагерлерінің қызметін міндетті лицензиялау енгізілді. Бұл демалыс орындарындағы қауіпсіздік талаптарының сақталуын бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді, – делінген мәліметте.
Балалардың материалдық құқықтарын қорғау бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Прокуратураның араласуымен алимент бойынша 40 млрд теңге берешек өндірілді.
– Соңғы жеті жылда алимент қарызының жалпы көлемі 87 пайызға қысқарды, – деп атап өтті Бас прокуратура.
Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында профилактика және оңалту тетіктері қайта қаралып, тәрбие және педагогикалық жұмыстарға бақылау күшейтілді.
Бас прокуратура балалардың құқықтарын қорғау, қауіпсіз орта қалыптастыру, құқық бұзушылықтардың алдын алу және отбасы институтын нығайту бағытындағы жұмыстарды жалғастыратынын мәлімдеді.
Айта кетейік, «Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында балаларға 2,3 млрд доллар бөлінді.