Прокурор Францияның экс-президенті Саркозиді 7 жыл түрмеге отырғызу жазасын сұрады

АСТАНА. KAZINFORM – Францияның бұрынғы президенті Николя Саркозиге 2007 жылы Ливияның сол кездегі көшбасшысы Муаммар Каддафиден заңсыз қаржылай қолдау алды деген айып тағылып отыр, деп хабарлайды Анадолу .

Фото: Анадолу

Франция прокуратурасы «Ливия ісі» аясында бұрынғы президент Николя Саркозиге 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасын, 300 мың еуро көлемінде айыппұл салуды, сондай-ақ «сыбайлас жемқорлық, қылмыстық ұйым құру және сайлау науқанын заңсыз қаржыландыру» айыптары бойынша 5 жыл саяси қызметпен айналысуға тыйым салуды талап етті.

Жергілікті БАҚ-тың мәліметіне сүйенсек, Саркози Париж апелляциялық соты алдында жауап беріп жатқан «Ливия ісінде» жаңа оқиғалар белгілі болған.

Прокурор Родольф Жюи-Бирман сот отырысында сөйлеген сөзінде Саркозиге 7 жыл түрме жазасын және 300 мың еуро көлемінде айыппұл салуды талап етті. Бұл шамамен 15 млн 975 мың түрік лирасына тең. Сонымен қатар ол бұрынғы президентке 5 жыл саяси қызметпен айналысуға тыйым салуды сұрады.

Жюи-Бирман Саркози жасаған әрекеттерінің ауырлығына сай жаза алуы тиіс екенін айтып, оған басқа айыпталушылармен бірдей қарау қажет екенін атап өтті. Прокурордың айтуынша, Францияның бұрынғы президенті қылмыстық ұйымды басқарған.

Саркозиге жақын тұлғалардың бірі Клод Геанға қатысты 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасы сұралды. Ал бұрынғы президенттің тағы бір серігі Брис Ортефеге 4 жыл түрме жазасы, оның 2 жылын шартты түрде өтеу ұсынылды.

Прокуратура Франция мен Ливия арасындағы екі жемқорлық желісін басқарды деп айыпталған Бешир Салех пен Александр Джуриді 6 жылға бас бостандығынан айырып, 4 млн еуро айыппұл салуды талап етті.

Сот отырысынан кейін баспасөзге мәлімдеме жасаған Саркозидің адвокаты Кристоф Энгрен:

– Қорғау барысында біз Николя Саркозидің толық кінәсіз екенін дәлелдейміз, – деді.

Энгреннің айтуынша, Саркози сайлауалды науқаны кезінде Ливиядан қаржы алмаған.  

– Николя Саркози кінәсіз. Ол Ливия есебінен байымаған және сайлау барысында ешқандай заңбұзушылық жасамаған, – деді адвокат.

«Ливия ісі» бойынша апелляциялық тыңдаулар 15 наурызда Париж апелляциялық сотында басталған еді. Екі аптадан кейін аяқталады деп күтіліп отырған іс бойынша шешім 30 қарашада жарияланады.

Еске сала кетсек, бұған дейін Николя Саркози соттан екі үкімді біріктіруді сұрағанын жаздық.