Прокурор ҚазҰАУ студентін өлтірді деп күдік келтірілген Асамовқа 9 жыл сұрады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Прокурор сотталушы Асамовқа 9 жыл беруді сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі сот залынан.

«Тойшыбек Асамов 1-курс студенті Болысбек Дидардың денсаулығына аса ауыр дəрежеде зиян келтіргені қылмыстық істе расталды. Бұған жəбірленушілердің, куəгерлердің, сот-медициналық сарапшының жауаптарымен дəлелденді. Сотталушыға ҚР ҚК 106-бабының 3-бөлімінің талаптарына сәйкес 9 жыл, 194-бабының 106-бабының 3-бөлімі бойынша 4 жылға бас бостандығынан айыруыңызды сұраймын», - деді процессуалды прокурор Жараспаев Төлеген.

Өз кезегінде қорғаушы Тойбек Жолдасов тергеу жұмыстарының шала жүргізілгенін айтып қарсылық білдірді.

«Менің қорғауымдағы адамның бұл қылмысты жасағаны күмəн тудырады. Себебі, ол ешкімді қорқытып ақша алған жоқ. Жəбірленушілердің ешқайсысы Асамовтан қорқамын деген жоқ. Сондықтан ол қорқытып ақша алды деген айып расталмады. Асамовтың қасақана денсаулыққа зиян келтіргені де дəлелденген жоқ. Жəбірленушілердің жауабы жалпылама болды. Сондай-ақ 106 баптың 3 бөлімі бойынша қылмыстың құрамы толық расталмады деп санаймын»,- деді Тойбек Асамов.

Айта кетейік, қайғылы оқиға 12 сәуірде ҚазҰАУ жатақханасында болған еді. Бірінші және екінші курста оқитын 10-нан астам студент жатақханада төбелесіп, соның салдарынан 17 жастағы Дидар Болысбек қаза болған еді. Кейінірек полиция аталған оқу орнының 2-курсында оқитын 2 студентті ұстады. Сот алдында олардың біреуі ғана - Тойшыбек Асамов жауап беруде.

Оған ҚР ҚК 106-бабының 3-бөлігі (адам денсаулығына қасақана ауыр нұқсан келтіру), ҚР ҚК 194-бабының 1-бөлігі (күштеп мүлкін тартып алу) бойынша айып тағылып отыр.