Прокурор Матаевтар ісі жөнінде: Сот тергеуі толық жүргізілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бюджеттің мыңдаған қаражатын жымқырды және салық төлеуден жалтарды деп айыпталған Сейітқазы Матаев және оның ұлы Әсет Матаевтың ісі бойынша сот үдерісі аясында тараптардың пікірсайысы басталды.

«Айыптаушы тарап сот тергеуі толыққанды жүргізілді деп санайды. Куәгерлерді, жапа шегушілердің өкілдерін, мамандар мен сарапшыларды, айыпталушы Матаевтарды  жауапқа алдық, сонымен қатар қылмыстық іс материалдарын зерттедік», - деді прокурор Ержан Құрақбаев.

Мемлекеттік айыптаушы Сейітқазы Матаевқа аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқырды және салық төлеуден жалтарды деп айыпталғанын еске салды.  Әсет Матаевқа аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқырды деген кінә тағылды.  Сөйтіп, мемлекетке жалпы сомасы  529 млн. теңгеден асатын залал келтірілді.

Кейін прокурор қылмыстық істің әр эпизоды бойынша жеке тоқталды.

Мемлекеттік айыптаушы Ержан Құрақбаев бірінші эпизод бойынша Сейітқазы Матаев қызметтік бабын пайдаланып, «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Батыр Маханбетажиевтің қолдауымен әрекет ете отырып, «Ұлттық баспасөз клубы» ҚБ тендерлік өтінішіне сатып алатын қызметтер бағасын асыра жазған.

Үлкен Матаев 2011-2013 жылдары аралығында алдау арқылы, өзіне деген сенімді, қызметтік бабын пайдаланып, «Қазақтелеком» АҚ  143, 9 млн. теңге қаражатын ұрлады деп санайды тергеу.  Айыптаушылар Әсет Матаевқа тиесілі ҚазТАГ мемлекеттік ақпараттық тапсырысты заңсыз алғанын айтуда. Сондай-ақ, ҚазТАГ-та жарияланған материалдар саны ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағаттар комитетімен жасасқан шартта көрсетілгеннен әлдеқайда аз болғаны анықталды.

«2010 және 2015 жылдары аралығында Матаев Сейітқазы және Матаев Әсет алдау арқылы, өзіне деген сенімді, қызметтік бабын пайдаланып, Мемлекеттік сатып алулар саласындағы комитеттің  169 млн. теңге  қаражатын жымқырды», - деді Ержан Құрақбаев.

Үшінші эпизодқа тоқталған мемлекеттік айыптаушы Сейітқазы Матаев кәсіпкерлік қызметтен түсетін пайданың салығын төлеуден жалтару үшін «ҰБК» ҚБ мен Серіктестік арасында кеңсе ғимараттарын жалға алу бойынша жалған шарт жасағанын жеткізді.  

«Ол пайда табу мақсатында түрлі заңды және өзге де тұлғалармен Астана қаласындағы Орынбор,8 мекен-жайында және Алматыда Фурманов, 122 мекен-жайында кеңсе ғимараттарының субарендасы шарттарын жасасты», - деді прокурор.

Осылайша, тергеу Матаев 2011 жылдан 2015 жылға дейін декларация бермей, салық төлеуден жалтарды және жалпы сомасы 216, 9 млн. теңгені құрайтын салық төлеу нысандарын жасырды деп есептейді.