Прокурорлар 3 айда мыңнан аса тұлғаның қылмыстық процеске тартылуына жол бермеді

Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Прокурорлар 2025 жылдың І тоқсанында мыңнан астам тұлғаның қылмыстық процеске тартылуына жол бермеді.

Бұл туралы Сенат депутаттарының сауалына премьер-министр Олжас Бектеновтің жауабында айтылған.

— Тергеп-тексеру, қадағалау және сот бақылауы функцияларының біртіндеп бөлінуі, сондай-ақ прокурорлық сүзгі процеске қатысушылардың құқықтары мен бостандықтарының қылмыстық процестің бастапқы кезеңінен бастап сенімді қорғалуын қамтамасыз етуге бағытталған. Аталған шаралар өз тиімділігін көрсетіп жатыр. Прокурорлар 2025 жылғы І тоқсанда жеткілікті негіздердің болмауына байланысты мыңнан астам тұлғаның қылмыстық процеске тартылуына жол бермеді, — деді Үкімет басшысы.

Оның атап өтуінше, Қылмыстық-процестік кодексте қолсұғылмаушылық, кінәсіздік презумпциясы, қорғану және заң көмегін алу құқығы қағидаттары бекітілген. Бұл бастапқы сатыда — құқық бұзушылық туралы алғашқы ақпарат алынғанда азаматтардың құқықтарының қорғалуын қамтамасыз етеді.

— Осыған байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бастапқы кезеңдерінде азаматтар үшін құқықтық кепілдіктерді күшейту қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру және түзету процесіндегі басым бағыттардың бірі саналады, — деді Олжас Бектенов.

Бұған дейін Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев соңғы 5 жылда елімізде қылмыс деңгейі айтарлықтай төмендегенін айтқан еді. Мәселен, 2019 жылы 280 мың қылмыс тіркелсе, 2024 жылы бұл көрсеткіш 133 мыңға дейін азайған.