Прокурорлар инвесторлардың 445 проблемалық кейсін шешті

Фото: Фото: Қарағанды облысының прокуратурасы

АСТАНА. KAZINFORM – Прокурорлар инвесторлардың жалпы сомасы 8,3 трлн теңге болатын 445 проблемалық кейсін шешті. Бұл туралы Бас прокуратурадан мәлім етті.

«Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2023 жылғы сәуірден бастап прокуратура органдары маңызды инвестициялық жобаларды (орталық және өңірлік деңгейде) сүйемелдейді. Осы жұмыс аясында Сыртқы істер министрлігімен, «Атамекен» ҰКП, бизнес-омбудсменмен және «Kazakh Invest» ҰК» АҚ-мен тығыз өзара іс-қимыл жолға қойылып, бірлескен бұйрықтарға қол қойылды. Өңірлердегі әрбір прокуратурада (аудандық деңгейге дейін) инвесторларға құқықтық қолдау көрсету және инвестициялық жобаларды іске асырудың проблемалық және өзге де мәселелерін шешуге арналған («бір терезе» қағидаты бойынша) фронт-офистер (әкімдіктер, ҰҚК, ҚМА, СЖҚА, ҰКП және Kazakh Invest) құрылды», - деп атап өтеді Бас прокуратурадан агенттіктің ресми сауалына орай.

Ведомствоның атап өтуінше, мемлекеттік органдардың негізсіз әрекеттеріне жедел ден қою үшін прокуратура органдары жанынан мобильді топтар (call-орталық тәулік бойы жұмыс істейді) құрылған.

«Инвестициялық жобаларды прокурорлық сүйемелдеу аясында прокурорлар инвесторлардың 445 проблемалық кейсін (инвестиция сомасы 8,3 трлн теңгеден асады) шешіп, олар бойынша 161 қадағалау актісін енгізді. Соттың 4 шешімі және мемлекеттік органдардың 46 актісінің күшін жойды. Көп жағдайда инвесторлардың құқығы Астана, Алматы қалаларында және Ақтөбе, Алматы, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар облыстарында қорғалған. Олардың арасында шетелдік инвесторлар (Қытай, БАӘ, Қатар, РФ, Германия, Сингапур, Корея және т.б.) да бар», - деді қадағалаушы орган.