Прокурорлық тексеріс нәтижесінде БҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысына сөгіс берілді

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Прокурорлық қадағалау актісінің қорытындысына сәйкес саладағы заңдылықты бақылауды қамтамасыз етпегені үшін БҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қамидолла Ирменов сөгіс түріндегі тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Облыс прокуратурасының аға прокуроры Әлия Денизбаеваның бүгін мәлім еткеніндей, тексеру барысында тиісті лицензиясыз заңсыз медициналық қызмет атқару, медицина мекемелеріндегі бос орындар жөніндегі мәліметтерді жасыру, тегін медициналық қызмет көрсетудің кепілдендірілген көлемі аясында тұрғындарға берілетін дәрі-дәрмекті ақылы негізде өткізу секілді заңбұзушылықтар анықталған. Бұдан басқа санитарлық ережелерді бұзу, бюджеттік қаржыны тиімді пайдаланбау деректері белгілі болған.

Облыс прокуратурасының алқа мәжілісінен кейін барлық заңбұзушылықтар көрсетіліп, Қ.Ирменовті тәртіптік жауапкершілікке тарту жөнінде облыс әкімінің атына ұсыныс берілген еді. Тұтастай алғанда, аталған заңбұзушылықтарға жол берген 23 адам әкімшілік, 51 адам тәртіптік жауапкершілікке тартылса, соның ішінде бесеуі қызметінен босатылды. Мысалы, Сырым аудандық орталық ауруханасы тұрғындарға тегін берілуі тиіс дәрі-дәрмекті ақылы негізде өткізген. Осы дерек бойынша ҚР ҚК 361-бабына сәйкес (қызметтік өкілеттілікті теріс пайдалану) қылмыстық іс қозғалды.