Промоутер Шүменов-Дортикос айқасының өтпей қалуына қатысты пікір білдірді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Mayweather Promotions компаниясының директоры Леонард Эллерби Бейбіт Шүменов пен Юниер Дортикостың дәреже үшін жекпе-жегінің болмай қалуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sports.kz.

Еске сала кетсек, Бейбіт Шүменов пен WBA бойынша әлемнің уақытша чемпионы Юниер Дортикостың 29 сәуірге жоспарланған жекпе-жегі жерлесіміздің көзінен жарақат алуына байланысты өтпейтін болды. «Kazsport» телеарнасы бокс кешін тікелей эфирден көрсетуді жоспарлаған еді.

«Шүменовтің жаттығу кезінде көзін жарақаттап алғаны өкінішті, бірақ бокстың табиғаты осындай. Оның бірінші ауыр салмақта Дортикосқа қарсы жекпе-жекте әлем чемпионы атағын қорғағанын асыға күтіп едік. Оның толық қалпына келіп, айқасты кейінгі уақытқа ауыстыра алатынымызға  үміттенемін», - деді Леонард Эллерби.