«Проректор студент қызды жыныстық қатынасқа түсуге шақырған» - баспасөзге шолу

АСТАНА. 23 қараша. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 23 қараша, сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жамбыл облысындағы жұмыс сапарының екінші күнін Тараз қаласындағы көне шаһардың орнына жасалып жатқан археологиялық қазба жұмыстарымен танысып, облыс орталығындағы жаңадан тұрғызылған Төле би ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан бастады. Мемлекет басшысы Тараз қаласындағы жаңадан ашылған жекеменшік «Жүрек» кардиологиялық орталығымен, мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында үстіміздегі жылы «Қазфосфат» ЖШС іске қосқан күкірт қышқылы зауытының жұмысымен танысты. Сондай-ақ, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына байланысты атқарылып жатқан жұмыстарға байланысты кеңес өткізді. Жиынды қорытындылаған Н.Назарбаев облыста жұмыс белсенді жүргізіліп жатқанын атап өтіп, әкімдіктің өңірді дамыту жөніндегі қызметіне оң бағасын берді. Сонымен қатар, Қазақстан Президенті индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын қарқынды іске асыруды жалғастыру қажеттігіне назар аударып, зор келешегі бар ауыл шаруашылығы мәселелерімен кешенді түрде айналысуды, сондай-ақ, жол бойындағы апаттарды азайтуға бағытталған алдын алу жұмыстарын жүйелі жүргізіп, оған қатысты көзқарасты қатайтуды тапсырды. Мақала «Қолда бар мүмкіндіктер іске қосылсын» деген тақырыппен берілген.

Кеше Астанада Премьер-Министр Серік Ахметовтің қатысуымен «Эксперт-200-Қазақстан» iрi бизнестiң V экономикалық форумы болып өтті. Осы алқалы жиын арқау болған мақала ел газеті «Егемен Қазақстанда» «Бизнесіміз бәсекелестікке дайын болуы тиіс» деген тақырыппен басылды. Басылымның жазуынша, форум барысындағы пікір алмасуды Премьер-Министр С.Ахметов түйіндеген. Үкімет басшысы форумды кәсіпкерлік мәселелерін кең ауқымда талқылауға арналған дәстүрлі алаң ретінде бағалап, одан ары макроэкономикалық тұрақтылықты нығайту бойынша шараларға тоқталды. «2013 жылы экономиканың шамамен 6 пайызға өсуі, инфляцияның да 6 пайыз деңгейі күтілуде», деген С.Ахметов «бұл шарттар бюджетті толықтыруға, экономика секторларын дамыту жөніндегі бағдарламаларды қаржыландыруға мүмкіндік беретіндігін» атап өткен.
***

«Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің экс проректоры Федор Майерді аталмыш білім ордасының студентін жыныстық қатынасқа түсуге шақырды деп айыптауда», - деп жазады «Айқын» газеті сенбілік санындағы «Проректор студент қызды жыныстық қатынасқа түсуге шақырған» деген тақырыптағы ақпаратында. Басылымның жазуына қарағанда, бұл дерек «Нұр Отан» партиясы Қостанай облыстық филиалының қоғамдық қабылдауында мәлім болды. Қостанай облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің хабарлауына қарағанда, осы жылдың 15 қарашасында өзінің ұстазы студентті жыныстық қатынасқа түсуге шақырды. Сол күні кешкі сағат 18.00-де кездесу белгіленді. «Келмесем, диплом қорғау жұмысына жібермейтінін айтып, сес көрсетті» деген мәтінмен 19 жасар студент қыздан арыз келіп түскен. Артынша жедел іске кіріскен тәртіп сақшылары күдіктіні облыс орталығындағы «Март» ойын-сауық орталығының жанында студент қызбен кездесіп тұрған жерінде құрықтайды. Заң бойынша, оның жеке автокөлігін тінту барысында коньяк, жеміс-жидек, мүшеқаптар табылған. Сондай-ақ, бір тәулікке пәтерде жалға алып қойғаны анықталды.

«Әке-шешесін қарттар үйіне өткізгендерге салық салу дұрыс па?». Дәл осы сауалды көтерген «Айқын» газеті бүгінгі нөмірде еліміздің бірқатар танымал азаматынан пікір алған. Мәселен, «Ұлт тағдыры» қоғамдық қозғалысының төрағасы Дос Көшім: «Дұрыс. Қолдайтын ұсыныс. Тіпті кешегі Кеңес заманында қартайғанда ата-анасын асырауға міндеттейтін заң да болған. Депутаттардың көтеріп отырған ұсынысы соған ұқсайды. Расында, әке-шешесінің қадірін белмегендерді тек салық төлетіп қана емес, онда да қатқылдау жазаға тартқан жөн секілді», - дейді.