Олардың 185-і жол-көлік оқиғалары, өндірістік және тұрмыстық жарақаттар, сондай-ақ аяқ-қолдың ампутациясына әкеп соққан аурулар салдарынан протездеуді қажет еткен.
Орталықта протездеу жұмыстары ем алушыны тексеруден, протезді таңдау мен дайындаудан, оны адамның жеке ерекшеліктеріне қарай бейімдеуден және пайдалануды үйретуден тұрады. Әр кезеңде мамандар пациенттің денсаулық жағдайын, физикалық белсенділігін және күнделікті өмірдегі қажеттіліктерін ескереді.
Орталықта ем алып жатқан адамдардың бірі – жол-көлік оқиғасынан кейін екі аяғынан айырылған Алматы қаласының 38 жастағы тұрғыны. Отадан соң оған өздігінен жүріп-тұруды және күнделікті тұрмыстағы үйреншікті әрекеттерді қайта меңгеруге тура келген.
Тексеру нәтижесінде мамандар пациентке сан және аяқ протездерін таңдаған. Атап айтқанда, микропроцессорлық тізе модулі бар сан протезі қолданылған. Протездер дайындалып, жеке өлшемдеріне сай бейімделгеннен кейін ем алушы жүруді үйрене бастаған.
-Алғашында жаңа жағдайға үйрену оңай болған жоқ. Мен үшін ең бастысы – қайтадан өз бетіммен жүріп үйрену еді. Мамандар әр кезеңді түсіндіріп, протезге бейімделуіме көмектесті. Қазір өз бетіммен жүріп-тұра аламын, күнделікті жұмыстарымды атқарып, спортпен де айналысамын, – деді пациент.
Ем алушылармен ортопед дәрігер, инженер-технолог, протез жасаушы механик және оңалту маманынан құралған команда жұмыс істейді. Ортопед дәрігер адамның денсаулық жағдайын, тұқылдың ерекшеліктерін және физикалық белсенділік деңгейін бағалайды. Инженер-технолог протездің техникалық параметрлерін анықтаса, протез жасаушы механик оны дайындап, жеке өлшемдерге сай келтіреді. Ал оңалту маманы пациентке протезді пайдалануды, онымен жүруді үйретіп, қозғалыс белсенділігін біртіндеп арттыруға көмектеседі.
-Әр пациент Орталыққа өз тарихымен және жеке ерекшеліктерімен келеді. Протезді таңдау кезінде біз медициналық көрсеткіштерді ғана емес, адамның қаншалықты белсенді екенін, күнделікті өмірде қандай міндеттер атқаратынын да ескереміз. Ең бастысы – протез ыңғайлы, функционалды әрі ем алушының мүмкіндіктеріне сай болуы керек, – деп атап өтті Орталықтың протездік-ортопедиялық көмек көрсету бағытына жетекшілік ететін бас директордың орынбасары Усама Абу Джазар.
Орталықта заманауи тізе модульдері, силиконды қаптамалар, көміртекті талшықтан жасалған табандар және басқа да қосалқы бөлшектер қолданылады. Олар пациенттің жеке көрсеткіштеріне қарай таңдалады. Сонымен қатар Орталық бұрын дайындалған протездерді жөндеу, жаңғырту және қайта бейімдеу жұмыстарын да жүргізеді.
Мемлекеттік бюджет есебінен протездік-ортопедиялық көмек заңнамада көзделген құқық болған және Абилитациялау мен оңалтудың жеке бағдарламасында тиісті ұсынымдар көрсетілген жағдайда ұсынылады. Құжаттарды рәсімдеу үшін тұрғылықты жердегі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына немесе халыққа қызмет көрсету орталығына (ХҚКО) жүгінуге, сондай-ақ eGov.kz порталының қызметтерін пайдалануға болады.
Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы өнім берушіні таңдау мүмкіндігі де қарастырылған. Портал арқылы тапсырыс берілген жағдайда бұйымның құны кепілдік берілген сома шегінде өтеледі. Егер таңдалған бұйымның бағасы белгіленген сомадан асып кетсе, айырмасын алушы өз қаражаты есебінен төлейді.
Құжаттар рәсімделіп, өнім беруші таңдалғаннан кейін пациент консультациядан және медициналық-техникалық комиссиядан өтеді. Комиссия қажетті протез түрін анықтайды. Орталықтың мәліметінше, бұйымды дайындау және жеке өлшемдерге сай келтіру әдетте 5 күннен 15 күнге дейін созылады. Одан кейін мамандардың көмегімен ем алушы протезді күнделікті өмірде пайдалануды меңгереді.
Айта кетейік, 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында «Әлеумет» әлеуметтік қызметтер порталы арқылы мүгедектігі бар адамдарға оңалту құралдары мен қызметтерін ұсыну бойынша 463 205 қызмет көрсетілді.