***
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев кеше жұмыс бабындағы сапармен Целиноград ауданындағы «Родина» агрофирмасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болып, еліміздегі озық шаруашылықтың әлеуметтік-экономикалық даму барысымен танысты. Мемлекет басшысын родиналықтар ашық-жарқын құшақпен қарсы алып, күні кеше атап өтілген Тұңғыш Президент күнімен көзбе-көз құттықтау мүмкіндігі туғанына ризашылық сезімдерін білдірді. «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында жарық көрген «Асулардан асқан агрофирма» атты мақалаға Елбасының Ақмола облысындағы жұмыс сапары арқау болған.
Бас басылымның жазуынша, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні қарсаңында Ақтау теңіз портында салтанатты, әрі маңызды шара өтті. Бұл «Орал» атты зымыранды-артиллериялық кеменің жауынгерлік ту көтеруі еді.«Зенит» кеме жасау зауытында құрастырылған отандық аталмыш кеме жылдың сәуір айында суға түсірілген болатын.Күні бүгінге дейін мемлекеттік сынақтан өту кезеңін бастан кешкен кеме экипажы өз қуанышына мереке қарсаңында қол жеткізді. Кемеге жауынгерлік ту тапсыру - оның сынақтан сәтті өтіп, Әскери-теңіз күштері құрамына енгендігінің, енді жауынгерлік тапсырмаларды орындауға жолы ашылғандығының белгісі. Салтанатты рәсімге қатысқан Қазақстан Қарулы Күштері Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы контр-адмирал Ж.Жанзақов, «Зенит» Орал зауыты» АҚ-тың бас директоры В.Валиев, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ә.Шөжеғұлов және Әскери-теңіз күштерінің ардагерлері сарбаздарды мерекемен құттықтап, экипажға сәттілік тіледі. Бұл жайындаға материал «Жаңа кеме жауынгерлік туын көтерді» деген тақырыппен берілген.
***
«Айқын» басылымының бүгінгі санында «Протон» ұшыру 12 жылдан соң ғана тоқтайды» деген мақала жарияланды. Кеше осы және өзге де сауалдарға Орталық коммуникациялар қызметiнде өткен брифингте Ұлттық ғарыш агенттігі басшысының орынбасары Мейірбек Молдабеков жауап берді. Әуелі жағымды жаңалықтан бастасақ, ғарыш саласын дамытудағы ірі жобалардың арасында басынан аяғына дейін қазақстандық деп атауға тұратын жоба бар екен. Мейірбек Молдабековтің айтуынша, елімізде 5 ірі ғарыштық жоба жүзеге асырылып жатыр. «KazSat» ғарыштық байланыс жүйесі, Жерді қашықтықтан зондтаудың ғарыштық жүйесі, ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешенінің құрылысы, жоғары дәлдікті спутниктік навигация жүйесінің жерүсті инфрақұрылымын құру және «Бәйтерек» зымыран кешенін құру сияқты жобалардың бәрін өзіміздің отандық мамандар жасаған. Қалған жобалардың 100 пайыз отандық болуы қиындау екен. Себебі біздің теориялық бағыттағы біліктілігіміз жоғары болғанымен, практикада әлі артта екенбіз. «Ал «Протон» зымыран тасығышына қатысты айтарымыз аса мәз емес. Себебі Байқоңыр ғарыш айлағынан жоғары токсинді ракеталарды ұшыру 2025 жылы ғана тоқтатылуы мүмкін болып тұр. Мейірбек Молдабековтің сөзіне қарағанда, 2018 жылға қарай Қазақстан «Зенит» ғарыш-ракеталық кешенін жаңғыртудан өткізеді. Ол «Протонды» алмастыратын экологиялық таза зымыран болады»,-деп жазады мақала авторы.
Сонымен қатар осы газет «Болашақ» бағдарламасының түлегі, «Microsoft 7-ні» дүниеге әкелуге үлес қосқан қазақтың жас технократ-режиссері Сәкен Жолдасовпен арадағы сұхбатты ұсынып отыр. Осыған дейін ол АҚШ-та 100 мың доллар жылдық жалақы ұсынған «Microsoft» компаниясында жұмыс істеген. Әлемнің ең бай миллиардері Билл Гейтс бағалаған қазақ баласы бүгінде өз Отанында қарапайым тұрмыс кешіп жатыр. Бұны біреу білсе, біреу білмейді. Алайда, талант қай жерде жүрсе де өзін жарып шығатыны рас екен. Жақында Сәкен «Сен және Мен» («Он и Она») деп аталатын кино түсірді. Осы орайда басылым
«Студенттік өмірімнің 1 жылы туған елімде өтті. Алматыдағы Сүлеймен Демирел университетінде, ІТ мамандығында оқып жаттым. Сол жылы Халықаралық олимпиада болды. Оған жоғары курстың студенттері ғана қатысады. Ол кезде де: «Сен І-курста ғана оқисың ғой. Саған әлі ерте» деген адамдар көп болды. Мен өз жобама жатпай-тұрмай 2 ай дайындалдым. Нәтижесінде, SamsungElectronics ұйымдастырған аталмыш жарыста 1-орынды иелендім. Осылайша Сан-Франциско қаласындағы «Силиконовая долинаға» жолдама алдым»,-дейді Сәкен Жолдас. Бұл сұхбат «Билл Гейтс бағалаған қазақ баласы» деген тақырыппен көпшілік назарына ұсынылып отыр.