Психолог қарызға кірудің психологиялық себептерін түсіндірді

Фото: видеодан алынған скрин

АСТАНА.KAZINFORM — Психолог Шапағат Есжан қарыздың жиі психологиялық импульстен басталатынын айтты.

— Адам бақыт гормоны жетпей тұрса, бір сәттік эмоция үшін артық шығынданып, қарызға кіріп кетеді. «Маған бұл шынымен керек пе?» деген сұрақты қою маңызды, - дейді маман.

Психологтің айтуынша, импульсивті сатып алу көбіне уақытша бақыт гормонын сезінуге деген ұмтылыстан туады. Дәл осы тұста маман қарыздан қашық жүруге көмектесетін қарапайым қағидаларды ұсынады:

Әр нәрсені сатып алудың алдында: «Маған бұл зат қажет пе, әлде көңіл күй үшін алып тұрмын ба?» деп сұрау.

Эмоцияны бақылау: уақытша бақыт сезімін затпен алмастыруға тырыспау.

Қарызды жасырмау: жақындарға ашық айту арқылы күйзелісті азайту.

Шығынды жоспарлау: шамадан тыс сарқылмайтын қаржылық тепе-теңдік табу. Несие тек қажеттілік болса ғана алу.

Қиялды іске айналдыру: идеяны табыс көзіне бағыттау.

Есжанның айтуынша, қарызы бар адамның назары үнемі міндеттемеге ауып, күнделікті өмір сапасы төмендейді.

Айта кетейік, бұған дейін қарызға батқан жастардың саны көбейіп бара жатқанын жазған едік.