Психологиялық чат-боттар: көмек пе, әлде қауіп көзі ме

Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Сарапшылар жасанды интеллект негізіндегі «психологтармен» қарым-қатынастың, әсіресе жедел психологиялық күйзеліс жағдайындағы адамдар үшін белгілі бір қауіптері бар екенін анықтады. Бұл туралы ТАСС агенттігі Томск мемлекеттік университетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.

Томск мемлекеттік университетінің психология факультетінде жүргізілген зерттеу аясында ЖИ-психологтардың салыстырмалы талдауы жасалды. Нәтижесінде мұндай цифрлық көмектің қолжетімділігі сияқты артықшылықтары болғанымен, бірқатар шектеулер мен тәуекелдер бар екені белгілі болды. Әсіресе жедел дағдарыс жағдайында виртуалды көмекке жүгінетін пайдаланушылар үшін қауіп жоғары.

Зерттеу авторы, ТМУ психология магистрі Дарья Романчева 2024 жылы Ресейде психологтар мен психотерапевтерге жүгіну көрсеткіші 2023 жылмен салыстырғанда шамамен 25 пайызға артқанын айтты. Мамандар тапшылығы мен қолжетімділік мәселесі жағдайында мобильді қосымшалар мен чат-боттар тартымды шешім болып көрінеді. Алайда жасанды интеллект жіберетін қателіктер күйзеліс немесе дағдарыс жағдайындағы адамдар үшін ауыр салдарға әкелуі мүмкін.

Зерттеу барысында «Ася», «Лея», «Zigmund.GPT Бота-психологы» және «iCognito» («Анти-депрессия») атты төрт чат-бот талданды. «Пациенттің» сұранысын университеттің психологиялық қызметі дайындаған.

Бірінші чат-бот эмпатия деңгейінің жоғары екенін, анамнез жинау мен диалог жүргізу дағдыларының жақсы екенін көрсетті, қауіпсіз әрі қолдаушы атмосфера қалыптастырды. Алайда ол пайдаланушыны маманға бағыттамай, өзін-өзі көмек тәсілдеріне көшкен. Бұл созылмалы жағдайлары бар адамдар үшін қауіпті болуы мүмкін.

Екінші чат-бот мазасыздық немесе посттравмалық бұзылыстарға тән симптомдарды дұрыс анықтағанымен, жедел дағдарысқа тексеру жүргізбеген. Ол тек симптомдар сақталған немесе күшейген жағдайда дәрігерге жүгінуді ұсынумен шектелген.

Қалған екі құралдың да күшті және әлсіз тұстары анықталған. Зерттеушілердің айтуынша, чат-боттардың жауаптары жай мәтін емес, психологиялық интервенция болып табылады. Яғни олар адамның эмоциялық күйіне немесе мінез-құлқына әсер ете алады, демек пайдаланушының қауіпсіздігіне ықпал етуі мүмкін.

Сарапшылардың пікірінше, психологиялық денсаулық саласындағы жасанды интеллект технологиялық мүмкіндіктер, қоғам сұранысы және этикалық-құқықтық реттеудің белгісіздігі арасындағы күрделі кезеңде тұр.

Қазіргі уақытта жасанды интеллект симптомдарды бастапқы скринингтен өткізу, көңіл-күйді бақылау және релаксация жаттығулары мен когнитивті-мінездік тәсілдер сияқты дамытушы практикаларды ұсыну үшін қолданылады. Чат-боттар «алғашқы желі» қолдау құралы ретінде пайдаланушыға жедел кеңес беріп, қажет болған жағдайда маманға бағыттай алады.

Алайда мамандар ЖИ-психологтар тірі психологпен тікелей қарым-қатынасты алмастыра алмайтынын және әзірге тек қосымша құрал ретінде қолданылуы тиіс екенін атап өтті.

Айта кетейік, АҚШ, ҚХР және Үндістан ЖИ саласында бәсекеге қабілетті елдердің үздік үштігіне енді.