ПСИХОЛОГТАР: Ренжіскеннен кейін сөйлеспей қоятын ерлі-зайыптылар ажырасып тынады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Егер ұрсысып қалғаннан кейін ерлі-зайыптылар не үшін сондай жағдайдың туындағаны жайында сөйлеспей, бір-бірін үнсіздік арқылы жазаласа және осыны әдетке айналдырса, онда олардың некесі көп ұзамай бұзылып тынады.

Ренжіскеннен кейін сөйлеспей қойғаннан еш пайда жоқ. Оның отбасылық қарым-қатынасқа ғана емес, адамның денсаулығына да зияны көп, - деп жазады Myjane порталы.

Бұндай қорытындыға келмес бұрын психологтар 14 мың адам қатысқан зерттеу жүргізген. Олар отбасылық араздыққа қатысты 74 түрлі сыннан өткен. Сондағы ғалымдардың түйгені мынау: сөйлеспей қою - татуласуға кедергі келтіретін ең зиянды әрекет.

Ренжісіп қалғаннан кейін адам бойында ашу пайда болады. Ол тарқамаса бірті-бірте ызаның ызғары өрши түседі. Бұндай жағдайда бар эмоцияңды тарқату үшін сөз таптырмас құрал екені белгілі.

Сондай-ақ, тез арада татуласып кетпеген себепті адам қобалжып, түн ұйқысы, асқа тәбеті, биоритмі бұзылады.

Психологиялық тұрғыдан алғанда, ұзақ уақыт жұбайымен тіл қатыспай жүрген адам жалғыздыққа бой үйретіп, жұптық қуатты сезінуден қалады. Осы себепті ол ажырасқанды жөн деп табуы мүмкін.