Психологтардың әдеп кодексі бекітіледі

АСТАНА. KAZINFORM — Ашық нормативтік-құқықтық актілер порталында Психологтардың әдеп кодексі жобасы жарияланды.

Фото: Freepik

Кодекс жобасы «Психологиялық қызмет туралы» Заңға сәйкес әзірленген. Психологтардың мемлекеттік тізілімінде тіркелген, психологиялық қызметті жүзеге асыратын барлық тұлға үшін міндетті болатын кодекс кәсіби құзыреттілік, құпиялылық пен кәсіби құпияны сақтау, ақпараттандырылған келісімді міндетті түрде алу, өкілеттіктерді асыра пайдалануға тыйым салу қағидаттарын регламенттейді.

Әдеп кодексін бекіту психологиялық көмек көрсету саласындағы бірыңғай кәсіби құқықтық стандарттарды қалыптастырады, көрсетілетін қызметтерді алушылардың құқықтары мен психологиялық денсаулығын адал емес практикадан қорғайды, сондай-ақ білікті мамандардың жауапкершілігі мен мәртебесін арттырады.

Құжат 25 тамызға дейін қоғамдық талқылауға шығарылған.

Бұған дейін психологтардың бірыңғай мемлекеттік тізілімі жасалатынын жазған едік. Оның көмегімен азаматтар маманның дипломын, біліктілігін және кәсіби тәжірибесін тексере алады.