Психологтардың мемлекеттік тізілімі: мамандардың жауапкершілігі артады

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Психологиялық қызмет туралы» Заң мақұлданды.

Фото: pexels.com

- Бүгінде психологиялық қолдаудың маңызы қоғам өмірінің барлық саласында артып келеді. Азаматтардың эмоционалдық саулығын сақтау, отбасы институтын нығайту, балалар мен жастардың үйлесімді дамуын қамтамасыз ету, еңбек ұжымдарында қолайлы психологиялық ахуал қалыптастыру кәсіби психологиялық көмектің сапалы болуын талап етеді. Заң психологиялық қызмет көрсету саласында бірыңғай құқықтық негіз қалыптастыруға, азаматтардың сапалы психологиялық көмек алуына бағытталған. Құжатта психологтардың кәсіби даярлығына қойылатын талаптарды күшейту көзделген. Атап айтқанда, кәсіптік стандарт енгізіліп, мамандардың даярлық деңгейіне, кәсіби құзыреттеріне және біліктілігіне нақты талаптар белгіленеді, - деді сенатор Әсем Рахметова.

Сонымен қатар психологтардың Әдеп кодексі бекітіліп, кәсіби жауапкершілік пен құпиялылық қағидаттарын сақтау қамтамасыз етіледі. Психологиялық көмектің сапасын арттыру мақсатында ғылыми негізделген әдістерді қолдану талабы енгізіліп, мамандардың кәсіби дамуын қолдайтын супервизия институты қарастырылған.

- Заңның маңызды жаңалықтарының бірі – психологтарды сертификаттау институтын енгізу. Сертификаттау маманның кәсіби даярлығы мен біліктілік талаптарына сәйкестігін бағалауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ психологтардың мемлекеттік тізілімін жүргізу көзделіп отыр. Мемлекеттік тізілімге енген психологтар өз ісіне жауапкершілікпен қарауға міндетті болады. Аталған тетіктерді енгізу үшін елімізде қажетті кадрлық және институционалдық негіз қалыптасқан. Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметіне сәйкес, психологтарды 43 жоғары оқу орны даярлайды. Бакалавриат, магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша шамамен 17 мың студент білім алып жатыр, ал жыл сайын 4 мыңға жуық маман оқуын аяқтайды. Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, еліміздің барлық өңірінде психологиялық қолдау орталықтары жұмыс істейді. Былтыр аталған орталықтар 50 мыңға жуық психологиялық кеңес берген, - деді депутат.

Жалпы, заң психологиялық қызмет көрсету жүйесін одан әрі жетілдіруге, көрсетілетін көмектің сапасы арттыруға, азаматтардың психологиялық саулығын нығайтуға бағытталған маңызды құқықтық негіз болмақ.

Еске салсақ, биыл маусым айының басында Парламент Мәжілісі «Психологиялық қызмет туралы» Заңды екінші оқылымда қарап, қабылдады.