Псковта табылған әйел сүйегі Әлия Молдағұлованікі болуы мүмкін

АСТАНА. 17 қыркүйек. ҚазАқпарат - Ресейдің Псков облысындағы бауырластар моласынан табылған әйел сүйегі Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованың мәйіті болуы ықтимал.

Бұл туралы «ҚазАқпарат» тілшісіне берген сұхбатында қазақстандық іздеушілер отрядының жетекшісі, «Боевое братство» қорының құрылтайшысы, Ақтөбе облыстық Ауған соғысы ардагерлері одағы ұйымының басшысы Гумер Галиев мәлім етті.

Оның айтуынша, Ә.Молдағұлованың денесін іздеп барған қазақстандық экспедиция Псков облысындағы орманды алқаптың ішінен 173 жауынгердің денесін тапқан. Оның ішінде үш әйелдің сүйегі алыныпты. Оның екеуінің ұлты орыс, снайпер мен медбикелер взводының командирі болса, үшіншісі моңғол тектес нәсілді.

«Бізбен бірге Мәскеуден паталогоанатом жұмыс істеді. Ол экспедиция мүшелерінің бұл жорамалын растап отыр», - дейді Г.Галиев.

Іздеушілер отряды Великие Луки қаласындағы сот-медициналық сараптамаға жүгінген. Сарапшы Роман Зуев табылған сүйектің бойы 150-160 сантиметр, шамамен 20-25 жас аралығындағы моңғол тектес нәсілді әйел адамға тиесілі екендігін анықтаған. Сонымен қатар, бұл 50-60 пайызға Әлия Молдағұлованың денесі болуы мүмкін деген жорамал айтқан.

«Молада жауынгерлердің жеке заттары табылып отыр. Сүйектің жанында айна жатты. Бұл өз кезегінде сүйек әйел адамдікі екендігін тағы бір дәлелдейді. Сонымен қатар Әлия Молдағұлова қаза таппастан үш күн бұрын көз жұмған 54-ші атқыштар бригадасының сарбазы Федор Степанычтің медальоны анықталды. Бүгінде бассүйектің үлгілері батырдың туған-туыстарына берілді. Енді оған генетикалық сараптама жасау қажет», - деді Г.Галиев.

Іздеушілер отряды Псков облысының орманды алқабындағы батпақты жерлерде жұмыс жасады. Қазіргі уақытта аталмыш молада әлі де болса 543 жауынгердің сүйегі жатыр. 2-ші Балтық майданы 22-ші армия 54-ші арнайы атқыштар бригадасы жауынгерлерінің денелері Псков облысы Новосокольник ауданы Монаково ауылындағы мемориалдық ескерткіште 2013 жылдың 20 тамызында қайта жерледі.