Псориаз жұға ма: дерматолог аурудың белгілері мен сақтық шараларын түсіндірді

АСТАНА. KAZINFORM – Псориаз – иммундық жүйе қызметінің бұзылуына байланысты пайда болатын созылмалы тері ауруы. Ол бір адамнан екінші адамға жұқпайды. Бұл туралы Қазақ дерматология және инфекциялық аурулар ғылыми орталығының дерматолог дәрігері Гүлжан Мейірманова түсіндірді.

Фото: Денсаулық сақтау министрлігі

Маманның айтуынша, псориаздың ең жиі кездесетін түрлерінің бірі – түйіндақты псориаз.

Аурудың бұл түрінде теріде шекарасы айқын, қызыл түсті, беті күміс түстес ақ қабыршақтармен жабылған түйіндақтар пайда болады. Олар көбіне шынтақта, тізеде, бастың шашты бөлігінде және бел тұсында кездеседі.

– Псориаз – иммундық жүйе қызметінің бұзылуына байланысты туындайтын созылмалы ауру. Ол бір адамнан екінші адамға жұқпайды, – деп түсіндірді дерматолог.

Дәрігер теріде бөртпе пайда болған жағдайда міндетті түрде дерматологқа қаралуға кеңес береді.

Сондай-ақ өз бетінше емделмеу, теріні үнемі ылғалдандыру, жарақаттап алудан сақтану және дәрігер тағайындаған емді үзбей жалғастыру маңызды.

Маман псориазды бақылауда ұстауға болатынын атап өтті. Сонымен қатар бұл аурумен ауыратын адамдарға айналасындағылардың түсіністік танытып, қолдау көрсетуі олардың өзіне деген сенімін арттыратынын жеткізді.

Айта кетейік, бұған дейін Қарағанды облысында псориазбен ауыратын 140 науқасқа тегін медициналық көмек көрсетілгені хабарланған еді. Оның ішінде ауруы ауыр түрде өтетін 80 пациентке қымбат дәрілік препараттар тағайындалған.