Пулицер сыйлығының екі дүркін иегері Пол Салопек Қазақстанға келді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Пулицер сыйлығының екі дүркін иегері Пол Салопек «Әлемдік серуен» атты жобасы аясында Қазақстанға келді. Шетел журналисі әрі зерттеушісі қазақстандық ғалымдармен кездесті. Бұл кездесуге АҚШ ғалымы Александр Моен де қатысты.

«Мен өзімнің серуенімді 2013 жылдың қаңтар айында Эфиопия елінен бастадым. Генетикалық зерттеулер мен археологиялық қазба жұмыстары барысында табылған ескерткіштерді талдау барысында анықталғанындай, Адамзаттың тамыры Африка елінен бастау алады және ары қарай Жер шарын қоныстана бастаған. Мен бабаларымыздың сол жолымен - Африкадан Оңтүстік Америкаға дейін жүріп өтпекпін. Менің серуенім 33 мың шақырымға созылады. Бұл орта есеппен 35 миллион қадамға тең», - дейді П.Салопек.

«Әлемдік серуен» және «Genography» жобаларына жетекшілік етіп келе жатқан ғалым Жерді 10 жылда шарлап өтуді көздеп отыр.

«Ең басында біздің жоспарымыз бойынша, мен бұған 7 жыл уақытымды жұмсау керек болғанмын, бірақ қазіргі жағдайларды ескеретін болсақ, мен бұған 10 жыл жұмсайтын сияқтымын. Менің басты мақсатым - тарихтағы әртүрлі оқиғаларды баяндау. Мен осы серуен барысында кездестірген адамдардан естіген оқиғаларымды айтып отыратын боламын. Сонымен қатар халықаралық жаңалықтарда жергілікті тұрғындардың қазіргі ахуалы туралы хабарлауға да тырысамын. Мәселен, мен жолда сириялық босқындардың үдере көшіп жатқан кездерін көрдім. Соғыстың кесірінен адамдар бір елден екінші елге көшуге мәжбүр. Мен қазіргі уақытта осыны жазып жатырмын», - деді АҚШ тілшісі.

Ғалым Қазақстанға Кавказ елдері, Әзербайжан жері арқылы келіп отыр.

«Мен Қазақстанға Каспий арқылы келдім. Батыс Қазақстанның Маңғыстау өңіріне аяқ басқан сәттерім фотоқұжатқа еніп отыр. Қазақстан өте әдемі жер және адамдары да өте сұлу. Табиғатына сөз жетпейді», - деп атап өтті ол.

Айта кетейік, аталған кездесу «National Geographic Қазақстан» журналының тұңғыш рет қазақ тілінде жарық көруіне байланысты орайластырылған болатын.

Жуырда аты әлемге әйгілі «National Geographic» журналының қазақтілді нұсқасы жарыққа шыққанын білесіздер. «National Geographic» әлемнің ең танымал баспа өнімі саналады. Саясат тақырыбынан тыс, шығу тарихы сонау 1888 жылдан басталатын басылым бүгінде әлемнің 38 тілінде, 80-нен астам мемлекетке таралады.

Журналдың негізгі мақсаты - Қазақстандағы географиялық жаңалықтар мен осы саладағы елең еткізер тың жаңалықтарға әлем туристерінің назарын аударту. Еліміздің сұлу табиғатын, тарихи орындарын, көрікті жерлерін, өсімдіктер дүниесі мен жануарлар әлемін бүкіл әлемге таныстыру. Қазақстанның имиджін арттыру. Сол арқылы таяу уақыттарда елімізге келгісі келетін туристер санының артуына үлес қосу. Сондай-ақ, Қазақстан даласының әдемілігі мен өсімдіктер, жан-жануарлар дүниесінің алуандығын насихаттау. Осының бәрі қызықты фотосуреттер мен мақалалар түрінде оқырмандар назарына ұсынылады. Редакцияның жоспарында алдағы уақыттарда еліміздің табиғаты әсем жерлеріне фото-видео экспедициялар ұйымдастыру да бар.