Путин америкалық бейбіт жоспарға қатысты пікір білдірді
АСТАНА. KAZINFORM – Ресей АҚШ-тың 28 тармақтан тұратын жоспарын алғанын Ресей Федерациясы Қауіпсіздік кеңесінің отырысында РФ президенті Владимир Путин мәлімдеді, деп хабарлайды ТАСС.
Оның айтуынша, қақтығысты реттеуге қатысты бейбіт бастамалар Аляскадағы саммитке дейін-ақ талқыланған. Ресей бұл мәселелерде икемділік танытуға әзір екенін растаған.
Путиннің пайымдауынша, бұл жоспар бейбіт реттеудің негізіне айналуы мүмкін. Алайда мәтін Ресеймен егжей-тегжейлі талқыланып жатқан жоқ.
Еске сала кетейік, бұған дейін АҚШ Украина президентіне бейбіт жоспар жобасын тапсырғанын Зеленский кеңсесі хабарлаған. Украиналық лидер алдағы күндері АҚШ президентімен «бар дипломатиялық мүмкіндіктер мен бейбітшілік үшін қажет негізгі тармақтарды» талқылауды жоспарлап отыр.
Америкалық бейбіт жоспар 28 тармақтан тұрады. Онда, соның ішінде, аумақтық концессиялар, қарулы күштер санының қысқаруы және кейбір қару түрлерінен бас тарту туралы талаптар бар.