Путин: Қазақстанмен қарым-қатынасты дамытуда ешқандай қиындық жоқ
АСТАНА. KAZINFORM — Ресей Президенті Владимир Путин Санкт-Петербург халықаралық экономикалық форумы аясында әлемдік жетекші ақпарат агенттіктері басшыларымен кездесуде Қазақстан мен Ресей арасындағы ерекше қарым-қатынас жайлы пікір білдірді, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.
— Бізде Қазақстанмен ерекше қарым-қатынас бар. Бұл айқын, мұны бәрі жақсы түсінеді. Бұл – одақтастық қарым-қатынас сөздің тура мағынасында. Ортақ тарихымыз, бір мемлекеттің құрамында болғанымыз, адамдар арасындағы жеке әрі гуманитарлық деңгейдегі терең байланыстар — мұның бәрі аса маңызды, — деді В. Путин.
Мемлекет басшысы Қазақстанның ҰҚШҰ, Еуразиялық экономикалық одақ және Шанхай ынтымақтастық ұйымы сынды іргелі интеграциялық бірлестіктердің мүшесі екенін айтып, бұл фактор екіжақты байланыстарды нығайтуға ықпал етіп отырғанын атап өтті.
— Бұл біз үшін аса маңызды бағыттағы өзара іс-қимылды дамытуға жағдай жасайды. Қазақстан мен Ресей арасындағы шекара — әлемдегі ең ұзын құрлықтық шекара. Бұл да елеулі фактор. Осы тұрғыдан алғанда да біз ынтымақтастықты жалғастырамыз, — деді Ресей Президенті.
Ол Қазақстанмен қарым-қатынаста ешқандай кедергі көріп тұрмағанын айрықша атап өтті.
— Тағы да атап өткім келеді: Қазақстан – біз үшін ең жақын мемлекеттердің бірі. Бұл — біздің одақтасымыз. Қарым-қатынастарымыздың дамуына кедергі келтіретін ешқандай мәселе көріп тұрғаным жоқ, тіпті ешқандай, — деді В. Путин.
Сондай-ақ, ол Мәскеу мен Астана ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын іздестіруді жалғастыратынын айтты.
— Біз Қасым-Жомарт Кемелұлымен үнемі кездесіп тұрамыз. Ол бізге келеді, мен де Қазақстанға үлкен ықыласпен барамын. Үкімет, министрліктер, соның ішінде Сыртқы істер министрліктері деңгейінде кеңес беру және өзара іс-қимыл үздіксіз жүріп жатыр, — деп түйіндеді Ресей Президенті.
Бұған дейін Владимир Путин Иран мен Израиль арасындағы жанжалды шешудің жолы туралы пікір білдірген болатын.