Ресей мен Түркия елдерінің басшылары Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен құттықтап, халқымызға бақ-береке тіледі және одан ары өсіп-өркендей беруіне ниеттестік білдірді.
В.Путинмен әңгімелесу барысында Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің алдағы отырысы және ҰҚШҰ саммитін өткізу мәселелері талқыланды.
Түркия Президентімен сөйлесу кезінде Р.Т.Ердоған Астанаға биылғы 12 желтоқсанға жоспарланған іс-сапарының кейінге қалдырылғанына өкініш білдірді. Түркия көшбасшысы алдағы уақытта біздің елге келуге дайын екенін айтты.
Ресей мен Түркия президенттері Елбасымен күн тәртібіндегі өзекті өңірлік және халықаралық мәселелерді талқылады. Ресей мен Түркия көшбасшылары Сириядағы қақтығысушы тараптар арасындағы келіссөздерді Астанада өткізуге мүдделі екендіктерін білдірді. Нұрсұлтан Назарбаев бұл бастаманы қолдап, Қазақстан елордасында мұндай келіссөздер жүргізу үшін қажетті жағдай жасауға дайын екенін мәлімдеді.
Қазақстан Президенті Сириядағы қақтығысты бейбіт реттеуге бағытталған халықаралық күш-жігерді біздің елдің әрдайым қолдап келе жатқанын атап өтті.