Путин мен Уиткофф кездесуі: АҚШ жолдаған төрт құжат талқыланды

Фото: Anadolu

АСТАНА. KAZINFORM — Украина жөніндегі АҚШ-тың бейбіт жоспарындағы алғашқы нұсқадан кейін Ресей тағы төрт құжат алды, олар РФ президенті Владимир Путиннің америкалық өкілдермен Кремльдегі кездесуінде талқыланды, деп хабарлайды ТАСС.

Бұл туралы Ресей президенті Владимир Путиннің көмекшісі Юрий Ушаков хабарлады.

— Егер көпшілікті оның тармақтары ғана қызықтырса, онда 27 тармақтан тұратын құжат болды, — деді Ушаков.

Оның айтуынша, АҚШ президенті Дональд Трамптың бұл бейбітшілік жоспары Мәскеуге берілген, бірақ ол бойынша ешқандай талқылаулар болған жоқ.

Ушаков атап өткендей, Ресей тарапы тағы төрт құжат алды, олар Путиннің Уиткофф және Кушнермен кездесуінде талқыланды.

— Мен бұл құжаттарға қатысты ашып айта алмаймын. Олардың барлығы Украинадағы дағдарысты ұзақ мерзімді бейбіт жолмен шешуге қатысты, — деді Кремль өкілі.

Қосымша сұрақтарға жауап ретінде ол «бастапқыда бір нұсқа болғанын, содан кейін бұл нұсқа нақтыланғанын және біреуінің орнына төрт нұсқа пайда болғанын» атап өтті. Дегенмен, Ресей президентінің көмекшісі олардың мазмұнын ашудан бас тартты.

Естеріңізге сала кетейік, Ресей президенті Владимир Путин бұған дейін Кремльде АҚШ президентінің арнайы өкілі Стивен Уиткоффпен бес сағатқа жуық уақытқа созылған кездесу өткізген болатын.