Путин мен Зеленский кездесуі тиіс – Трамп
АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей президенті Владимир Путин мен Украина басшысы Владимир Зеленскийдің кездесуі өтуі тиіс екенін мәлімдеді, деп жазды The Washington Post.
Жұма күні журналистермен әңгіме барысында Трамп аталған кездесудің «міндетті түрде өтетінін» айтты.
Айта кетейік, Кремль жақын болашақта екі ел басшысының келіссөз өткізу мүмкіндігін жоққа шығарған болатын.
Ақ үйден Шотландияға аттанар алдында Трамп Мәскеуге қатысты «екінші реттік санкциялар» салынуы мүмкін екенін тағы ескертті. Бұл шектеулер Ресеймен бизнес жүргізіп отырған елдер мен ұйымдарға әсер етуі мүмкін.
Бұған дейін Стамбулда Ресей мен Украина делегациялары арасында өткен келіссөздердің нәтижелері туралы хабарланған еді. 2 маусымда екі тарап өзара алмастырған меморандумдар аясында мемлекет басшыларының ықтимал кездесуі де талқыланған.