Путин Ресей Орталық Мұсылмандар Діни Басқармасының 225 жылдық мерейтойына қатысты

АСТАНА. 24 қазан. ҚазАқпарат - Қазан айының 22-і күні Уфа қаласына арнайы барған Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин осы елдің беделді мұсылман жетекшілерімен кездесіп, діни ұйымдар мен отандық діни оқу орындарының іс-шараларын талқылады. Бұл туралы muslim.kz сайты хабарлады.

Дереккөздің жазуынша, РФ президенті сапары барысында осы заманғы уақыт талабына жауап беру үшін отандық мұсылмандардың руханият ордаларының абырой-беделін арттыру қажеттілігіне тоқталды.

Ол үшін елдегі діни қайраткерлер әлемдегі және Ресей Федерациясындағы өзекті мәселелерге араласып, өз бағаларын беріп отыруы тиістігін ескертті.

Маңызды кездесуден кейін ол Орталық мұсылмандар діни басқармасының құрылғанына 225 жыл толуына байланысты өткізілген салтанатты шараға қатысты.

Шарада жасаған баяндамасында ел президенті ислам дінінің Ресей мәдениеті мен тарихының ажырамас бөлігі екенін, ел дамуына айтарлықтай үлес қосқан мұсылман жауынгерлерінің, мәдениет пен өнер қайраткерлерінің, кәсіпкерлердің ерен ерліктері мен еңбектерінің ұмытылмайтынын айтты.

Сөзінің соңында ол өскелең ұрпақты өзара құрмет пен сыйластыққа тәрбиелеуге айрықша көңіл бөлуге шақырды.